Ақмолада 700-ден астам адам менингит бойынша тексерістен өтті - Ұлт саулығы|06 Маусым 2018, 14:42
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ақмолада 700-ден астам адам менингит бойынша тексерістен өтті

Фото: philmaffetone.com

Ақмолада 700-ден астам адам менингит бойынша тексерістен өтті. Дәрігерлер менингококк инфекциясын жұқтыр адам дер кезінде ем қабылдамаса, дәрігерге жүгінбей, өздігінен емделсе – қауіп деңгейі жоғары болатынын айтады, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

2015 жылы облыста 6 адам, 2016 жылы 4 адам, 2017 жылы 4 адам менингококк инфекциясы бойынша тіркелген. Биылғы жылдың соңғы 5 айы ішінде Көкшетау қаласы мен Сандықтау ауданында екі жағдай тіркелгенімен, инфекция анықталған жоқ.

«Көпшілікті алаңдатып отырған менингококк инфекциясына байланысты өңірдегі ахуал тұрақты. Соңғы бес жыл ішінде қауіпті инфекциясы бойынша өлім жағдайы тіркелген жоқ. Тек 2013 жылы Атбасар ауданында он айлық сәби қауіпті инфекциядан көз жұмды. Оның өзі ауру Ресейдің Грозный қаласынан әкелінген 10 айлық балада анықталған. 2018 жылдың 31 мамыры күні облыстық балалар ауруханасына Біржан сал ауданынан 10 айлық сәби жеткізілген болатын. Дәрігерлер баланы «менингококк жұқпасына шалдығу» алдын ала диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызды. Тиісті медициналық сынамалар алынып, зертханалық жұмыстар жүргізілді. Алайда сәбидің менингококк жұқпасына шалдыққаны расталмады», - дейді қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Мусина.

Мамандар қауіпті инфекцияны жұқтырған адам дер кезінде дәрігерге жүгінбей, өздігінен емделсе, қауіп деңгейі жоғары болатынын айтады.

«Менингококк инфекциясы оңтүстік облыстарда көп тіркеліп отыр. Өз басым, олар дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінгенде, мұндай жағдай болмайтын еді деп есептеймін. Инфекция жұқтырғандардың басым көпшілігі үй жағдайында ем-дом жасаған», - дейді А.Мусина.

Өңір тұрғындарын қауіпті инфекцияның алдын алуға қатысты көптеген сұрақтар мазалауда. Осы орайда дерттің алдын алу шаралары қызу жүруде. Облыста мектепке дейінгі балалар мекемелерінде көпшілік шараларға шектеу қойылды. Халық арасында БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өңір тұрғындары білгісі келетін барлық сұрақтарды 24 сағаттық Call-орталығына 8 800 080 64 81 нөміріне қоңырау шалу арқылы сұрауларына болады.

Мамандар менингиттің алғашқы белгілерін үй жағдайында басқа ауру түрлерінен ажырата білудің маңызы зор екенін айтады.

«Менингиттің бастапқы белгілерін үй жағдайында анықтауға, емдеуге тыйым саламыз. Тіпті тыныс алу жолында кездесетін инфекциядан болатын тамақ, мұрын ауруларының өзін дәрігер шақыртып қарату қажет. Дене қызуы көтеріліп, тыныс жолдары бітіп, әлсіздік пайда болса, құсып, тамаққа тәбет болмай, денеде бөртпе пайда болса, бірден ауруханаға баруға кеңес береміз», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова.

Дәрігерлердің сөзінше, менингококк инфекциясы ерте анықталған жағдайда және уақытылы дұрыс емделген болса, қауіпті емес. Кез келген адам иммунитет күшейтетін дәрумендер қабылдап, дұрыс тамақтанса, салауатты өмір салтын ұстанып, гигиеналық тазалықты сақтайтын болса, бұл инфекция қоршаған ортаға қарсы тұра алмайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер