Астана. 12 наурыз. Baq.kz – Ақмола облысы Есіл ауданы Калачи ауылының тағы бес тұрғыны «ұйқы ауруына» шалдықты. Аудандық ауруханаға Калачиден жеткізілген бес азаматқа «белгісіз этиологиядағы энцефалопатия» деген диагноз қойылған. Науқастарды әдеттегідей ұйқы қысады, басы ауырып айналады, есте сақтау қабілеттері төмендеген.
Әзірге ғалымдар да, дәрігерлер де бас миының мұндай өзгеруіне не себеп екенін анықтай алмай отыр.
Калачи ауылын токсиколог, радиолог, эколог және невропатолог мамандар зерттеп шыққан. Бірақ, олар ешқандай өзгеріс таба алмады.
Алдын хабарлағанымыздай «ұйқы ауруының» не себептен болғанын мамандар 2014 жылдың көктемінде, яғни қар еріген соң, сәуір, мамыр айларында тексере бастайды. Ақмола облысының бұл ауылына Семей радиациялық медицина және экология институтының қызметкерлері мен Томск ғалымдары келіп, тереңірек зерттеу жүргізбек.
Естеріңізге сала кетейік, «ұйқы ауруы» алғаш рет өткен жылы наурыз, сәуір айларында байқалған. Ол кезде 14 пен 70 жас аралығындағы ондаған жергілікті тұрғын әлсіздік, ұйқышылдық, бас айналу, ұмытшақтық секілді белгілерімен дәрігерге қаралған. Ал, кейбір тұрғындар екі тәулікке ұйқыға кеткен.
Айта кетейік, осы уақыттан бері Калачи ауылының 50 тұрғыны «ұйқы ауруына» шалдығып отыр. Ал Кеңес одағы кезінде Калачи ауылының аумағында уран-руда өндірісі болған. Уран өндіру 1991-1992 жылы Кеңес Одағы тарағанннан кейін тоқтаталып, мұндағы кен орындары жабылған болатын.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!