Астана. 22 мамыр. Baq.kz – VII Астана экономикалық форумы шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен «Денсаулық сақтау және адами капиталды дамыту» тақырыбында панельдік сессия өтті. Отырыс жұмысына осы саладағы әлемнің жетекші сарапшылары – Нобель сыйлығының иегерлері, алыс-жақын шетел мемлекеттерінің денсаулық сақтау министрлері мен министрдің орынбасарлары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, ЮНИСЕФ, ЮНФПА, Дүниежүзілік банктің, фармацевтикалық компаниялар мен өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежанов жетекшілік еткен жиынды құттықтау сөзімен ашқан министр Салидат Қайырбекова елімізде жүзеге асып жатқан жарқын жобалардың бірқатар жетістіктерін ортаға салды.
- Әсіресе, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ұлт саулығы жақсара бастады. Ана мен бала өлімінің азайып, жұрт арасында аты жаман аурумен сырқаттанатындар саны уақыт озған сайын азайып келеді. Сонымен қатар, ведомствоның тағы бір оң көрсеткіштерінің бірі – денсаулық сақтау қызметін электронды үлгіде көрсете бастауы болып отыр. Электронды денсаулық сақтауды дамыту және іске асыру тұжырымдамасы бойынша 2020 жылға қарай еліміздегі бұл сала уақытылы, өзекті және шынайы ақпарат алудың автоматтандырылған жүйесімен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Ал шара ең алдымен науқас пен медицина қызметкерінің мүддесіне бағытталатын болады және оның басты элементі – ел азаматтарының электрондық денсаулық төлқұжаты болуы тиіс, - деп атап өтті Салидат Зекенқызы.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!