Астана. 30 қыркүйек. Baq.kz – 2020 жылға қарай ана мен нәрестелер өлімі көрсеткіші 2 есеге азаюы қажет.
Астана. 30 қыркүйек. Baq.kz – 2020 жылға қарай ана мен нәрестелер өлімі көрсеткіші 2 есеге азаюы қажет.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ана мен бала денсаулығына қатысты брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Мағрипа Ембергенова мәлімдеді.
- Ана мен бала денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау жүйесі алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ана мен бала денсаулығын еліміздің қазіргі және болашақтағы дамуындағы басым бағыттарының бірі ретінде анықтады. Еліміздің стратегиялық құжаттарында және ҚР Президенті Жолдауларында ана мен бала өлім-жітімін азайту және халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру қажеттігі атап көрсетілді.
«Стратегия – 2020» мақсаттарында 2020 жылға қарай ана мен нәрестелер өлімі көрсеткішін 2 есеге азайтып, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін арттыру көзделген.
Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін Қазақстанның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексін көтеру жұмыстарын жалғастыру керек. Бұл істе нәрестелер өлім-жітімі көрсеткіші маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тірі және өлі туу өлшемдерін 2008 жылы қабылдады. Жүйеге халықаралық технологиялар енгізілді, - деген Мағрипа Хамитқызы «Салалық және «Саламатты Қазақстан» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау нәтижесінде тиімді технологиялар іске асырылды. Олардың қатарында өңірлер бойынша перинатальдық көмекті ұйымдастыру, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерді күту технологияларының деңгейі бойынша перзентханаларды бөлу шараларын айтуға болады. Ауыр патологиясы бар жүкті және мерзімінен ерте туған әйелдер, шала және ауру болып туылған нәрестелер дайындығы жоғары, білікті мамандары бар, заманауи медициналық қондырғылар мен қымбат дәрілер қолданылатын перинатальдық орталықтарға (еліміз бойынша 21 орталық бар – авт.) жіберіледі. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2009 жылдан бері 13 перзентхана және балалар емдеу мекемелері салынды, олардың ішінде 2 перинатальдық орталық, 8 көпбейінді балалар ауруханасы, 3 балалар емханасы бар» деп атап өтті.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!