Фото: Kazgazeta.kz
«Қашаған» кен орнындағы «Д» теңіз аралында бірқатар ұңғыманың жұмысы тоқтатылды. Алайда, бұл кен орнында қиындықтар туындады дегенді білдірмейді. Бұл жөнінде брифинг барысында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі
«Д» аралындағы жұмыстардың тоқтатылуы қабаттың қабылдағыштығына талдау жүргізуге байланысты орын алып отыр. Сонымен қоса, біз газ айдауды да тоқтаттық. Себебі, Қашағандағы өндіру көлемі ең алдымен газ айдауға байланысты. Өткен жылы біз қабаттың қабылдағыштығына байланысты бірқатар техникалық қиындыққа тап болдық. Яғни, газ біз ойлағандай қабылдана қойған жоқ. Соңғы уақытта оң өзгерістер мен жақсы қарқын байқалып отыр. Қабатта не болып жатқанын технологиялық тұрғыдан түсіну үшін осындай шешім қабылданды. Сәуір айының ортасына дейін біз алты ұңғыма жұмысын, газ айдауды тоқтаттық», - деді вице-министр.
Белгілі болғандай, аталған кен орнындағы бірқатар нысанның жұмыстары тоқтатылуы өндіру көлемінің біршама төмендеуіне алып келді.
«Қашағанда өндіру көлемі орташа есеппен тәулігіне 300 мың баррель болса, қазір бұл көрсеткіш 200-215 мың баррельді құрап отыр. Алайда, сәуір айында тоқтатылған ұңғымалар қайта іске қосылады да, бастапқы 300 мың баррель көрсеткішіне қайта қол жеткіземіз деп сенеміз», - деп түсіндірді Мырзағалиев.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!