Елімізде букмекерлік кеңселер арнайы ойын аймақтарына көшірілмек. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында айтты деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, букмекерлік кеңселердің көптеп орналасуы, тотализаторлардың қызметі халық пен БАҚ тарапынан жиі сынға ұшырап жатады.
«Жұмыс істеп жатқан букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ойынханалар қатарына жатқызуға болады. Олар бұрынғы казино мен ойын автоматтары ғимараттарында орналасқан. Олардың көптеп ашылуы, сонымен қатар құмарлықты арттыру әдісін қолдануы адамдарды тәуелді етеді», - дейді ол.
Жауапты хатшы бұл шара бюджетке түсетін салық көлеміне әсерін тигізбей қоймайтынын да жасырмады.
«Дегенмен бұл шара жоғарыда аталып өткен проблемалардың шешуге, құмар ойындарына тәуелді адамдардың санын азайтуға септігін тигізетіні сөзсіз»,- деп толықтырды ол.
Қуатжан Уәлиев сонымен қатар ойын автоматтарын казинода арнайы орындарда орналастыру керектігін айтты. Оның сөзіне қарағанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторларда алкогольдік ішімдіктерді сатуға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.
«Тағы бір маңызды проблема – онлайн кеңістігінде, оның ішінде букмекерлік кеңселердегі айналым туралы нақты ақпараттың болмауы. Осыр ретте ұтыс тігуді есепке алу орталығын ашу ұсынылып отыр. Букмекерлік кеңселерге қолма-қол немесе төлем карточкалары арқылы түскен төлемдер осы есепке алу орталығынан өтеді», - деп түйіндеді жауапты хатшы.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!