Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді, онда өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Кеңеске орталық мемлекеттік органдардың басшылары, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қарағанды облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, «Жекешелендіру бюросы» ЖШС директоры Александр Перов, «АСПАП» ПК директоры Төлеген Әшімов, «Шығыс» ШҚ басшысы Шамиль Осин, «Kazcenterelectroprovod» ЖШС бас директоры Сергей Ким, «Қарағанды облысы құрылыс салушылар қауымдастығы» ЖК және ЗТБ директоры Найля Қайырбекова, «Магнитка Қазамета» ЖШС директоры Андрей Витик қатысты.
Кездесуде тұрмыстық қызметтерге сараланған тарифті жою, ескірген құрылыс нормалары мен ережелерінің орнына еурокод жүйелерін енгізу, АӨК инвестициялық субсидияларын төлеу, отандық тауар өндірушілерге шикізатқа импорттық кеден бажы мен ҚР аумағы бойынша жүктерді тасымалдауға кететін шығындардың өтемақысын төмендету тұрғысынан қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Бұдан өзге, монополистердің тұтынушылармен өзара қарым-қатынасына және кәсіпкерлік қызметті дамытуға кедергі келтіретін факторларға байланысты мәселелер көтерілді.
Кәсіпкерлер қозғаған тақырыптарға ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек және ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Г. Исаева түсініктеме беріп өтті.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту міндетін, экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру аясында, Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында қойғанын атап өтті. Осыған орай, Үкімет бизнеске қолдау көрсету мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде.
Бақытжан Сағынтаев елімізде жүргізіліп жатқан технологиялық жаңғырту жұмыстары отандық кәсіпкерлерді жаңа өндірістер мен өнімдер шығаруға тартуға үлкен мүмкіндіктер беретінін айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлер сервистік қызметтер мен қарапайым заттар экономикасы секілді экономика секторларын одан әрі дамытуға белсенді түрде атсалыса алады. Бұл, өз кезегінде, өзге салалардан босатылатын әлеуетті жұмысшыларға қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Кездесудің соңында Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің бизнес қауымдастықты мазалаған мәселелерді талқылау үшін қашан да ашық екенін айтып, кәсіпкерлерді экономиканы жаңғырту аясындағы міндеттерді іске асыруға бірлесіп, белсендірек қатысуға шақырды.
Мемлекеттік органдарға аталған мәселелерді бақылауға алу тапсырылды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!