Фото: Шыңғыс Қаппаров
Бүгін Үкімет отырысында «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Маңызды жиында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов аталған бағдарлама бойынша жұмыстардың қалай жүргізілгенін баяндады. Кейін ведомство басшысы ауылдағы кәсіпкерлерге шағын несиенің қалай берілетіндігін түсіндірді. Алайда министрдің жауабы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың көңілінен шықпай қалды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Алдымен Тимур Сүлейменов биыл еліміздегі кәсіпкерлерге 10 млрд теңге несие берілетінін айтты. Кейін «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының тағы бір бөлігіне тоқталды. Ол – ісін жаңа бастаған ауыл кәсіпкерлеріне бизнестің негіздерін үйрету.
«Бағдарламаның ендігі бір бөлігі – ісін жаңа бастаған ауыл кәсіпкерлеріне бизнесті жүргізудің негіздері туралы бейімделген курстан өту мүмкіндігі ұсынылады. Яғни «Бастау Бизнес» жобасы бойынша. Оқытуды ұйымдастыру Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелген. Қаржылық және заңдық аспектілер айқындалды. Қазіргі таңда оқыту процесі басталды. Бірінші және екінші лек аясында жұмыссыз, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерден 5700-ден астам адам оқуды аяқтады, оның ішінде 4 200 адам бизнес жоспарын дайындады. Толығырақ «Атамекен» ҰКП» Басқарма төрағасы түсіндіреді», - деді ол.
Сонымен қатар ведомство басшысы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа бағдарламаның тек осы жылы ғана жүзеге аса бастағандығын түсіндірді.
«Бақытжан Әбдірұлы, бұл бағдарлама биылдан бастап жүзеге асырылуда. Бағдарламаға қатысушы тараптардың арасында қаржылық және заңдық тұрғыдан сұрақтар болды. Бірақ қазіргі таңда барлық заңдық нормативтік база қалыптасты, қаржы бөлінді. Негізгі мақсат – бизнес жобалары бар кәсіпкерлерді тарту. Оның ішінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқығандар да бар», - деді министр.
Осы орайда ол Көкшетауда туындаған мәселеге тоқталды.
«Көкшетауда көтерілген сұраққа тоқталайын. Онда азаматтар ауылдық округте оқыған. Бірақ олардың қалаларда кредит алуға мүмкіндігі бар. Яғни, жоғарыда аталған 10 млрд теңгені ала алады. Бұл қаржы қолданылған жоқ. Олар өз бизнестерін қалаларда жүргізеді. Қолдау құралдарын жүзеге асыру министрліктің тұрақты бақылауында болады. Баяндама аяқталды», - деді ол.
Осы жерде бірден Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министріне өз сауалын жолдады.
«Тимур Мұратұлы, бір нәрсені анықтайын деп едім. Азамат ауылдық жерде. Жоба қорғалды, ақша жоқ. Ол қалаға келіп, ақша алады. Сонда жоба қалада жүзеге асу керек қой?», - деп сұрады Үкімет басшысы.
«Иә, жоба қалада жүзеге асырылуы қажет», - деп жауап берді Ұлттық экономика министрі.
«Ол ауылда тұрады ғой! Оның жобасы ауылда! Бұл мәселені шешудің жолы емес қой. Оның бизнесі, адамдары, базасы ауылда емес пе?! Жобаны азамат қалай қалада жүзеге асырады? Тимур Мұратұлы, бұл мәселені шешудің жолы емес! Дұрыс емес», - деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев министрдің жауабына көңілі толмай.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!