BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сүлейменов азық-түлік бағаларының неге қымбаттағанын түсіндірді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің неге қымбаттағанын түсіндірді.

Министрдің айтуынша, өткен аптамен салыстырғанда аталған азық-түліктердің бағасы 0,2%-ке өсіпті. Ал жылдың басынан бастап бағалардың жоғарылауы 1,9%-ті құраған.

«Қант, қырыққабат, күріш, тауық етіне бағалардың өсуі байқалады. Азық-түлік бағаларының негізгі өсу себептері Еуразиялық экономикалық одақтың нарығында өнімдердің қымбаттауы мен тауарлардың өзіндік құны құрамындағы үстеме шығыстардың өсуімен байланысты», - деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ министр әрбір тауардың бағасы не себепті өскеніне жеке-жеке тоқталды.

«Қазақстандық қанттың елеулі бөлігі импорттық шикі қанттан өндіріледі. Бірінші кезекте Ресей Федерациясы нарығындағы жағдаймен байланысты. Осы жылдың 9 айында қырыққабат экспорты ұлғайып, 18,6 мың тоннаны құрады. Осыған байланысты қырыққабаттың бағасы басқа көкөністермен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Маусымдық шығындарға байланысты қырыққабаттың бағасы алдағы уақытта да өсуі мүмкін», - деді ол.

Сүлейменовтың айтуынша, күріш бағасының қымбаттауы жанар-жағармай материалдары мен коммуналдық шығыстар бағаларының көтерілуімен байланысты екен.

«Тауық етіне бағаның өсуі құс етінің шамамен 50% АҚШ-тан импортталатынымен байланысты. АҚШ доллары бағаманың өсуіне байланысты импортталатын тауық еті де қымбаттады», - деп түйіндеді сөзін министр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер