Сөгіс жарияланған басшылар қомақты сыйақыдан қағылды – Сүлейменов - Үкімет|13 Қараша 2018, 13:33
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Сөгіс жарияланған басшылар қомақты сыйақыдан қағылды – Сүлейменов

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің баспасөз орталығынан өткен брифингтен соң Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сөгіс жарияланған басшылар қомақты қаражаттан қағылғанын мәлім етті.

Өткен аптада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысында электр және жылу энергияларының қолданыстағы тарифі мен энергетикалық қызмет нарығындағы бағасы мәселесі қаралды. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Азамат Майтиевке сөгіс жариялады.

Ал бүгін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика вице-министріне сөгіс жариялады.

Сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет басшысына тариф бағаларын негізгіз өсіруге жол берген Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттерінің 10 басшысына сөгіс жарияланғанын, әрі комитеттің 1 аумақтық департаментінің директоры қызметінен босатылғанын айтты.

Осы орайда министр аталған комитеттің 4 департаментіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингтен соң Тимур Сүлейменов сөгіс жарияланған басшылардың қомақты сыйақыдан қағылғанын жеткізді.

«Бұл өте ауыр. Себебі, мемлекеттік қызметкер тек жалақымен күн көреді. Кейін он үшінші жалақысын алуы мүмкін. Кейін президенттің премиясы бар. Сөгіс жарияланған соң, олар барлық қосымша сыйақыдан қағылып отыр. Ол – қомақты қаражат. Қазіргі таңда оларға «сары қағаз» көрсетіліп тұр ғой», - деді министр журналистерге.

Алайда ведомство басшысы БАҚ өкілдеріне қомақты қаражаттың мөлшерін ашып айтпады.

Айта кетейік, осыған дейін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Энергетика және Ұлттық экономика министрліктеріне тарифтертерді төмендетуге бағытталған жүйелі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырғанын, бағаны негізсіз өсіруге жол берген монополистерді жазалауды тапсырғанын, Ұлттық экономика министріне арнайы тапсырма бергенін, көмір мен тауарлардың бағасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырғанын, әрі халықты толғандырған мәселелерге назар аударуға шақырғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ өткен аптада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Жиында электр және жылу энергияларының қолданыстағы тарифі мен энергетикалық қызмет нарығындағы бағаның белгіленуіне бақылау жасайтын мемлекеттік органдардың жұмысы сынға алынды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер