Шөкеев: Егін жинауға ұсынылған арзандатылған жанармай бағасы жоғары - Үкімет|22 Тамыз 2018, 11:19
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Шөкеев: Егін жинауға ұсынылған арзандатылған жанармай бағасы жоғары

Фото: ашық дереккөзден

Егін жинауға ұсынылған арзандатылған жанар-жағармай бағасы операторлардың қызметіне байланысты арзан болмай отыр. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашлығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Республикада дәнді дақылдарды жинау жалғасуда. Бүгінгі күні егін жинау жұмыстары Жамбыл және Түркістан облыстарында аяқталды. Осы өңірлер бойынша орташа түсім гектарына 21 центнерді құрады. Жинау жұмыстары Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілуде. Көрсетілген облыстарда дәнді дақылдар жинау алқабы 3 млн гектарды құрады. Оның 1,1 млн гектары немесе 36% жиналды. Гектарына 18,1 центнер орташа түсіммен 2 млн астық бастырылды», - деді Шөкеев.

Ол осы жылы жалпы 20 млн тонна астық жиналады деп болжанып отырғанын мәлімдеді.

«Астықтың жалпы жиналымы 20 млн тонна болады деп болжануда. Бұл биылғы қуаңшылық жағдайында жаман емес көрсеткіш деп санаймыз. Негізгі астық өсіретін өңірлер егін жинауға тамыз айының соңында, қыркүйек айының басында кіріседі. Әкімдіктердің деректері бойынша техникалар егін жинауға 100% дайын. Егін жинау жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге 394 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Шілде айында бөлінген көлемді өңірлер толықтай алды. Тамыз айына жанар-жағармай көлемі 110 мың тонна үшін ақы төленді. Алайда, ресурс ұстаушылар тарапынан аталған көлемді тиеп, оларды жөнелту бойынша проблемалар орын алып отыр. Осыған байланысты, Энергетика министрлігінен тамыз, қыркүйек және қазан айының тиісті көлемдерін сәйкесінше тиеп, жөнелтуді сұраймыз. Дизель отынына бағаны қалыптастыруда да проблемалар бар. Арзандатылған жанар-жағармай бағасы нарық бағасынан төмен болғанымен, операторлардың қызметіне байланысты соңғы баға жоғары күйінде қалып отыр», - деген министр осы орайда, өңірдің әкімдіктері өз операторларымен бағаны төмендету бойынша жұмыстар жүргізулері қажет екенін айтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер