Сенат 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттiң жобасын Мәжiлiске қайтарды - Үкімет|17 Қараша 2016, 13:20
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Сенат 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттiң жобасын Мәжiлiске қайтарды

Бүгiн Сенат депутаттары 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттiң жобасына өз түзетулерiн енгiзiп, Мәжiлiске қайтарды, деп хабарлайды деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Бюджет жобасы бойынша республикалық бюджет шығыстары 2017 жылы 8 трлн 563 млрд теңге, 2018 жылы 8 трлн 368 млрд теңге және 2019 жылы 8 трлн 746 млрд теңге көлемінде айқындалған. Әлеуметтiк салаға қомақты қаражат бағытталады. Бұл саланың республикалық бюджет шығыстарындағы үлесi 2019 жылы 49 пайызға жетедi. Жалпы, әлеуметтiк секторға 11 трлн 667, 4 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның iшiнде 2017 жылға 3 трлн 570,2 млрд теңге көзделген.

Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға бюджет жобасында 3 трлн 189,9 млрд теңге көзделеді. Оның ішінде 2017 жылы шығыстар ағымдағы жылмен салыстырғанда 226,2 млрд теңгеге немесе 28,7%-ға ұлғайып 1 трлн 013,4 млрд теңгені құрайды. Білім беру саласын қаржыландыруға 972,9 млрд теңге көзделеді, оның ішінде 2017 жылға 393,1 млрд теңге. Мәдениет пен спортты дамытуға алдағы үш жылға қарастырылған шығыстар сомасы 179,3 млрд теңге, оның ішінде 2017 жылы 70,2 млрд теңгені құрайды.

Бюджет жобасының екінші ірі блогы - дағдарысқа қарсы iс-шаралар. Жұмыс орындарын сақтау мен құруға, сондай-ақ өңірлерді дамыту үшін жағдай жасауға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға шығыстар қарастырылған. Алдағы кезеңде "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" шеңберінде орнықты және өнімді жұмыспен қамту бойынша жұмыс жалғасады. Бағдарламаны іске асыру шеңберінде жылына 47 мың азаматты жұмыспен қамту қарастырылады. Ол үшін үш жылдық бюджетте 113,5 млрд теңге, оның ішінде 2017 жылы 37,3 млрд теңге жоспарланған. "Бизнестің жол картасы 2020» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде алдағы үш жылға 46,1 млрд теңге, оның ішінде 2017 жылы 22,1 млрд теңге көзделедi. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруға бюджет жобасында 385,4 млрд теңге қаралған.

Бюджет жобасының үшінші блогы бойынша қаражат экономиканың нақты секторын қолдауға жұмсалады. Индустриялдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңіне үш жылға 448,6 млрд теңге, ауыл шаруашылығы саласына 636,7 млрд теңге, көлік жүйесі инфрақұрылымын дамыту мен интеграциялаудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 1 трлн 051,5 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Ал республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2017 жылы 4 трлн 338,2 млрд теңге, 2018 жылы 4 трлн 562,3 млрд теңге, 2019 жылы 4 трлн 877,2 млрд теңге сомасында болжанған.

2017 жылы бюджет тапшылығы 578,1 млрд. теңгеге немесе ЖІӨ-ге қатысты 1,2 %-ға дейін төмендетiлмек. 2018-2019 жылдары бұл көрсеткiш 1%-ға дейін төмендейдi.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер