Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан «Shymkent Сity» тұрғын алабына барды. Сонымен қатар, ҚР Президентінің «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші әлеуметтік бастамасын орындау жоспарымен танысты, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz басылымына сілтеме жасап.
Нысанды тексеру барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа «Shymkent Сity» тұрғын үй кешені 56 мың тұрғынға арнап салынып жатқаны айтылды. 427 га аумақта 2025 жылға дейін 324 тұрғын үй, 7 мектеп және 21 балабақша салынады.
Жалпы алғанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы 7 665 пәтерді тапсыру көзделген. Бүгінгі таңда облыста 277 көпқабатты тұрғын үй (13 009 пәтер) салынып жатыр. Жыл соңында 129 үй (4 582 пәтер) пайдалануға беріледі.
«Базис-А» корпорациясының өкілі А. Өмірзақов әлеуметтік нысандардың құрылысы туралы айтып берді: 8 мың адам сыятын «Шымкент Арена» спорт кешені; сондай-ақ «Конгресс-орталық», онда бір мезгілде 2 мыңға жуық адам бос уақытын өткізе алады. Сонымен қатар, «Шымкент» ӘКК төрағасы А. Алдажаров облыс орталығында жаңа әуежай терминалын салу тұжырымдамасымен таныстырды.
Бұдан өзге, «7–20–25» жаңа тұрғын үй бағдарламасының орындалуын ескере отырып, құрылыс саласын одан әрі дамыту бойынша өңірдің әлеуеті қаралды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!