BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сағынтаев ІІД басшыларына: Сіздерде қылмыс көрсеткіші ауа райы қолайсыздығына байланысты ма?

Бүгінгі Үкімет отырысында елдегі жергілікті полиция жұмысы қаралып, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев саладағы жұмыстардың тиісті түрде атқарылмай келе жатқанын сынады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Ішкі істер департаменттері енді полиция департаменттері болды, жергілікті полиция қызметі осы департаменттің құрамына кірді деп айттыңыз. Орын алып жатқан реформалар мен өгерістерден халық қандай да бір үміт күтеді. Соған қандай сенім бере аласыз?», - деп сауал жолдады Премьер-министр үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан.

«12 шілдеде Президент біз дайындаған заңға қол қойып, ол заңға сәйкес ішкі істер департаменті полиция департаменті болып өзгерді. Қазір жергілікті полиция қызметін толығымен осы полиция департаменті атқарады. Сәйкес құжатарды дайындап, бір айдың ішінде жаңа талапта жұмыс жасаймыз», - деді Қасымов.

Алайда, Үкімет басшысы министрдің жауабына қанағаттанбады.

«Жақсы, бұл сіздер үшін, ұйымдық-құрылымдық саладағы жұмыстарды оңтайландыру. Ал халық үшін не өзгереді? Қарапайым халық бұл өзгерістен кейін не сезінеді?», - деп Сағынтаев сұрағын нақтылай түсті.

Қасымов «бақылау көп болады, әкімдіктер рөлі күшейеді» деген қысқа жауап қайтарғанымен, нақты дәйектер келтірмеді.

«Жаңа сіз кадр жетіспейді, учаскелік инспекторлар жоқ дедіңіз. Дегенмен, қазір өңірлерде 10% бос орын бар. Оны қалай жабуға болады? Бір жағынан жетіспейді, бір жағынан бос орын бар?», - деп кезекті рет сұрады Сағынтаев.

Министр құқық қорғау органдары бойынша кадрларды 10% қысқартып, сәйкесінше полиция запасын көтеріп, жалақы көлемі артатынын айтты.

«Тағы бір сұрақ. Мектептегі инспекторлар жайын да айттыңыз. Қосымша мектеп инспекторлары қажет дедіңіз. Инспекторы бар мектептегі және инспекторы жоқ мектептердегі қылмыс жөнінде статистик бар ма?», - деді Сағынтаев.

«Оны дайындап береміз. Ондай статистика бар», - деп ІІМ басшысы.

«Қандай ол? Қылмыс бар ма, жоқ па?» - деп нақтылай түсті Сағынтаев.

«Қылмыстың саны, содан соң бақылауға алады. Қылмыстың барлығы сол жерден басталады. Инспектор аймақтық полициямен бірлесіп жұмыс жасайды», - деді құқық қорғау ведомствосының басшысы.

Сағынтаев үкімет отырысына селекторлық байланыс арқылы қосылған өңірлердегі полиция департментінің басшыларынан да сала бойынша проблемаларға қатысты жауап талап етті.

«Ақтөбе облысы бойынша 2018 жылдың 8 айында аса ауыр қылмыстар 48,8%, адам өлтіру 91%, тонау 25%, ұрлық жасау 20% өскен. Қандай әрекеттер жасап жатырсыздар», - деді премьер-министр.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы көше қылмысы мен қоғамдық жерлердегі бұзақылық 8%, рецидивті қылмыс 50%, тұрмыстық жағдайдағы кісі өлтіру 6 есеге, мас күйінде қылмыс жасау 20%, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 5% төмендеді», - деп оптимистік статистикамен бөліскен Ақтөбе облыстық ІІД басшысы Махамбет Абисатов саладағы атқарылған жқмыстар мен қылмыс көрсеткішінің төмендеуіне кеңінен тоқталды.

«Сіз бізге барлық мәліметті жақсы жағынан ұсынып отырсыз. Алайда, мен қайталап айтамын, аса ауыр қылмыстар 48,8%, адам өлтіру 91%, тонау 25%, ұрлық жасау 20% өскен. Себебі неде? Әкімдік сіздерге барлық жағдайды жасап берген. Онда неге қылмыс өсіп отыр?», - деді Сағынтаев.

Өңірдегі ІІД басшысы мұндай жоғары көрсеткіш қылмыс түрін дәрежелеуге қатысты орын алып отырғанын айты. Оның айтуынша, орын алған қылмыстар құқық қорғау органдарымен ауыр дәрежедегі қылмысқа жатқызылып, ол қылмыстар бойынша іс сотқа жолданған соң, көптеген қылмыстар ауырлығы төмен қылмыс ретінде дәрежеленіп отыр.

«Ұрлық жасау, тонау деген секілді қылмыстар ауыр санаттағы қылмысқа жатқызылып отырмаған болар. Адамдарды нақты осы жағдай мазалап отырған жоқ па? Сіздердегі ахуал ауыл шаруашылығы саласындағыдай ауа райы жағдайына тәуелді ме? Бір жылы ауа райы жақсы болса, егін түсімі де жоғары, келесі жылы төмен болуы мүмкін. Оған байланысты емес шығар? Егер, бір жылы 30% төмендете алсаңыздар, оны әрі қарай жалғастыру керек. Басқа өңірлердегі полиция қызметі де жұмыс жасап отыр. Алайда, оларда мұндай көрсеткіш жоқ. Әлде енді барлық бәленің бәрін ұрыларға жабамыз ба? Олар қатты жұмыс істеп жатыр, ал біз түк істей алмай отырмыз деп», - деген Сағынтаев саладағы жұмыстарды қолға алып, жандандыру қажет екенін баса айтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер