BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сағынтаев: Экспорт пен бәсекеге қабілеттілікке бағдарланғандарға көмектесеміз

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларын, «Бес әлеуметтік бастамасын», сонымен қатар кәсіпкерлік қызмет туралы жаңа заңды іске асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу аясында жаңа жаһандық шынайылық жағдайларында экономиканың сапалы және тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша өңір активінің жұмысы қарастырылды. Атап айтқанда, АӨК, инвестициялар тарту, экономиканың базалық секторларын, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, технологиялық жаңғырту және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу, цифрландыру, кадрлар даярлау және жаңа жұмыс орындарын құру, сонымен қатар экономиканы одан әрі әртараптандыру тәрізді бағыттар қамтылды.

Кеңесті ашқан Б. Сағынтаев Ақмола облысының ірі ауыл шаруашылығы өнімдері өндірістері мен өнеркәсіптер орналасқан ерекше индустриалдық-аграрлық аймақ екенін атап өтті. Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауымен ауыл шаруашылығымен қатар машинажасау, металлургия және өңдеу өнеркәсібі салалары, құрылыс материалдары индустриясы, туризм дамып келеді. Қазіргі таңда Үкімет жаңа даму бағдарламаларын әзірлеп жатыр, сонымен қатар жоспарда – АӨК одан әрі дамуын белсендіру және өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар тарту бар.

Биыл Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларын іске асыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өнеркәсіптің негізгі салаларын технологиялық қайта жарақтандыру, еңбек өнімділігін арттыру және бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамыту Үкіметтің басты бағдарлары болып табылады.

Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында Ақмола облысында өнеркәсіп саласындағы өсім 102,8%, ауыл шаруашылығында 104,2%, құрылыс секторында 114,2% құрады. Инвестициялар 11,9% артты 76,2 млрд. теңгеге дейін, оның ішінде жеке инвестициялар 31%-ға өсті. Еңбек нарығында жағдай тұрақты, жалпы жұмыссыздың деңгейі 4,8%. Бірыңғай электронды биржа арқылы 5,5 мың адам жұмысқа орналастырылды. Орташа айлық жалақы 9% 110 мың теңгеге дейін өсті.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы облыс әкімі М. Мырзалин баяндады. Биыл бес ай ішінде экономиканың барлық салаларында оң даму динамикасы байқады.

Индустриялық сектордың кәсіпорындары облыстың дамуына елеулі үлес қосады. Өңдеу өнеркәсібі үлесінің ұлғаюымен (шамамен 80%) дәстүрлі аграрлық сала индустриялық-аграрлық салаға айналуда. (2017 жылы Ақмола облысындағы ЖӨӨ құрылымындағы өнеркәсіп үлесі — 25%, оның ішінде 20% — өңдеу өнеркәсібі, 15% — ауыл шаруашылығы). ҚР бойынша өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі — 40% құрайды.

Сондай-ақ, талқылау барысында өңірдің ірі кәсіпорындарының өкілдері сөз сөйледі. «Altyntau Kokshetau» АҚ бас директоры И. Когай, «Тыныс» АҚ бас директоры Қ. Қалманбаев, «ПО Көкше–Цемент» ЖШС директоры М. Ескендіров, «Көкшетауминсулар» АҚ бас директоры С. Максимец, «Жукова» мейманхана кешені ЖК директоры И. Жукова, «Новопэк» ЖШС директоры А. Жақыпов, Макинск құс фабрикасының директоры Р. Тоқсейітова, Сандықтау ауданының «Каменка және Д» ЖШС директоры А. Джейранов бизнестің бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселелері бойынша сөз сөйледі. Атап айтқанда, «Цифрлық зауыт» жобасының мысалында технологиялық жаңғырту, цифрландыру және роботтандыру, ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау және өңірдің инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды. ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев АӨК субсидиялау механизмдері туралы түсініктеме берді.

Бұдан әрі өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруы мен цифрландыру бойынша облыстың міндеттері мен перспективалары туралы инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек баяндады.

Қазіргі уақытта ҚР ИДМ әкімдікпен бірлесіп, өңірді цифрландыру жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Жоспар жобасына 7 кәсіпорын жүзеге асырып жатқан 8 өңірлік жоба («Қазатомөнеркәсіп» КҚЗ» БК» ЖШС,«Altyntau Kokshetau» АҚ, «Қазақалтын» АҚ және «RG Gold» ЖШС, «Көкше Цемент» ЖШС, «Семізбай U» ЖШС, «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ЖШС) кіреді. Цифрлық технологияларды енгізу кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру туралы айтып берді.

1 маусымындағы жағдай бойынша Ақмола облысында 5 563 жаңа жұмыс орны құрылған, оның 2 979-ы — ауылдық жерлерде, оның 3 403-і — тұрақты (550 – ауыл шаруашылығында, 451-і – өнеркәсіпте, 101-і – құрылыс, 136-і – көлік салаларында, бөлшек саудада – 743, экономиканың басқа салаларында – 1422).

Өз кезегінде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ақмола облысында туризмді дамыту туралы, атап айтқанда, Щучинск–Бурабай курорттық аймағын дамыту барысы жайында баяндады.

Өңірдің туристік кластері 700-ден астам туризм саласындағы кәсіпорынды қамтиды. Кластердің мәдени-тарихи сегменті 900-ге жуық ескерткіштен тұрады, олардың басым бөлігі мемлекет қорғауында және экскурсиялық бағдарламалар кезінде қолданылады. Ақмола облысында 80-ге жуық туристік бағдар бар, олардың ішінде 8-і қасиетті орындар бойынша бекітілген бағдарлар. Биыл жалпы құны 2,8 млрд теңгеге, 170-тен астам жұмыс орнын құрумен 9 туристік нысан салу көзделген.

Өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов айтып берді.

Кеңесті қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев қозғалған барлық мәселелер мен тақырыптардың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Кәсіпкерлікті дамыту елдің экономикалық өсімінің жаңа моделін құруда Үкіметтің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік ахуалды жақсарту және ШОБ іскерлік белсенділігін ынталандыру үшін жүйелі шаралар қолға алынуда. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған барлық ұсыныстар Үкіметтің ерекше бақылауына алынған.

Премьер-Министр сонымен қатар отандық тауралар мен техника өндірісін дамыту және әлемдік нарықтарға одан әрі шығу қажеттігіне баса назар аударды.

«Ауыл шаруашылығындағы өңдеу бойынша көбірек жұмыстар жүргізіп, экспортқа шығу керек. Отандық тауар өндірушілерді қолдау қажет: импортқа жүгіргенше, өз өнімімізді пайдаланғанымыз жөн. Өңірлердің осы бағытта жұмыс істеуі аса маңызды», деген Премьер-Министр Үкіметтің экспортқа бағдарланған тауар өндірушілерді қолдайтынына сендірді.

1 маусымдағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ суъбектілерінің саны 43,1 мың бірл., бұл өткен жылғы деңгейге шаққанда 1005 бірл. артық (2,4%). 2018 ж. 1 мамырдағы жағдай бойынша ШОК 77,7 млрд теңге сомасына несие берілген, бұл берілген несиелердің жалпы санынан 36,3% құрайды (2017 ж. ұқсас жағдаймен салыстырғанда өсім 24,1%), ауыл шаруашылығы (47,5%), сауда (23%) салаларында ең көп несие берілген. Ел өңірлері ішінде ШОК несие беру бойынша Ақмола облысы бірінші орынға ие (2017 ж. осы кезеңмен салыстырғанда 157,5%).

«Біз экспорт пен бәсекеге қабілеттілікке бағдарланғандарға көмектесетін боламыз», деп нақтылады Б. Сағынтаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер