Фото: Шыңғыс Қаппаров
Бүгін ҚР Премьер министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жұмысымен танысты. Кездесу барысында аталмыш университеттің ректоры Ақылбек Күрішбаев министрден көмек сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Елімізде жоғары білім беру бойынша реформалар жүргізілген болатын. Осы жерде сізден көмек сұраймыз. Біз университеттердегі оқу ақысының бағасы бір деңгейде болғандығын қалаймыз. Бұл әділ бәсекелестікке жол ашады. Қазіргі таңда мемлекеттік білім беру грантының бағасы ұлттық унивеситеттерде бір студент үшін 635 мың теңге. Бұл бір жыл үшін. Ал қарапайым университеттерде 346 мың теңге», - деді ол.
Ректордың пікірінше, бұл баға әділетті емес. Себебі, еліміздегі университеттердің басым бөлігі мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Ал, жоғары оқу орнындағы оқу бағасы әр жерде әртүрлі. Осыған байланысты Ақылбек Күрішбаев министрдің осы мәселеге назар аударуын сұрады.
«Біз бір мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істейміз. Басқалары сияқты шығын шығарамыз. Менің ойымша, біз ұлттық университеттерден кем емес кадрларды дайындап жатырмыз. Бірақ, неге екені белгісіз мемлекеттен қаржыландыруды 1,80 есеге аз аламыз. Әлемнің дамыған елдерінде білім беруде мұндай екі түрлі стандарттар жоқ», - деді ректор.
Айта кетейік, Бүгін ҚР Премьер министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұжымымен кездесіп, еліміздегі аграрлық ғылымның даму перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ, Қазақстан халқына арналған биылғы жолдауында Елбасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына өндіріс сұранысына қажетті аграрлық ғылыми зерттеулерге инвестиция тарту көлемін арттыруды тапсырған болатын.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!