Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі дәрі-дәрмек саласына жауапты «СК Фармация» компаниясының жұмысын сынға алды. Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа компания басшылығын жұмыстан қуып шығуды тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«СК Фармация» компаниясын алайық. Қазіргі таңда бизнесмендер келіп жатыр. Олар дәрі-дәрмек шығаратын фабрикалар салғысы келеді. Бірақ оларды бұл салаға жолатпай отыр. Олар жер телімдері мен тапсырыстарды ала алмай жүр. Себебі, шет мемлекеттермен келісімшарт жасасқан екен. Олар («СК Фармация» - ред.) отандық фармацевтика саласын дамытуға құлықсыз», - деді ол.
Президент Елжан Біртановқа бұл мәселені тезірек шешу қажеттігін жеткізді.
«Біз осыны жөнге келтіре аламыз ба? «СК Фармациясында» кім отыр? Барлығын қуып шық! Орнына жаңа адамдарды қой да, қаржының қайда кетіп жатқандығын анықта. Неге олар осылай жасап отыр? Жаңа адамдарды ал. Мұны айтқаныма бірнеше жыл болды. Бірақ нәтиже жоқ. Орнынан мүлдем қозғалмайтын белгісіз азаматтар отыр. Оларды кім қолдап отыр? Осы үшін Елжан Біртанов жауап береді», - деді Елбасы.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!