Премьер-министр ШҚО активімен бірге Жолдаудағы негізгі міндеттерді талқылады - Үкімет|11 Қазан 2018, 11:56
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Премьер-министр ШҚО активімен бірге Жолдаудағы негізгі міндеттерді талқылады

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Президент Жолдауындағы негізгі міндеттерді талқылау бойынша облыс активімен және өңір тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында халық табысының деңгейін көтеру, білім беру мен денсаулық сақтаудағы сапаның жаңа деңгейі, инфрақұрылымды және индустрияландыруды одан әрі дамыту тәсілдері, бизнес ахуалды жақсарту, АӨК дамыту және тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мәселелері қозғалды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру тұрғысынан өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту, экономиканы одан әрі әртараптандыру, кадрларды дайындау және қайта даярлау, еңбек ресурстарын басқару, сондай-ақ, өңірде бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту туралы баяндады.

«Біз мониторинг жүргіземіз. Әрбір адамды анықтап, осы бағдарламаны іске асырамыз. Қоғам табысын арттыруда Президент 2025 жылға дейін әрекет ететінін анықтаған "Бизнестің жол картасы–2020" бағдарламасы үлкен рөл атқаратыны сөзсіз», — деді облыс басшысы Даниал Ахметов.

Өңір әкімінің айтуынша, жыл басынан бері экономиканың түрлі салаларында Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылған, оның ішінде 11 мыңы тұрақты.

Бұдан өзге, Президенттің экспортқа бағытталған индустрияландыруды дамыту тапсырмасын іске асыру мақсатында ШҚО-да аграрлық секторға баса көңіл бөлінген. Бұл үшін биыл 2018–2022 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағдарламасы әзірленген. Біртіндеп қайта өңдеу кәсіпорындарының орташа жылдық қуаттылығы арттырылуда. Келер жылдан бастап 2021 жылға қарай көлемді 51 мың тоннаға дейін жеткізумен ет өңдеу жобалары іске асырыла бастайды. Көлік-логистика кешенін дамыту бойынша Семей әуежайын реконструкциялау жұмыстары басталды, 2019 жылы Өскемен мен Үржар әуежайлары қайта жаңартылады.

Бұдан әрі Президент Жолдауының жекелеген бағыттарын түсіндіру туралы Үкімет мүшелері баяндама жасады.

Кеңесті қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру мәселелері барлық өңірлердің әкімдерімен бірлесіп Үкіметте екі рет талқыланғанын айтты.

«Жүктелген міндеттері жүзеге асыру бойынша шаралар үш бөлікке бөлінген: ұзақ мерзімдік, орташа мерзімдік және жедел шаралар. Жедел шаралар заңнамада ешқандай өзгерістерді және бюджеттен қосымша қаражатты қажет етпейді, сондықтан олар 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін орындалуы керек. Оған ТКШ сапасын жақсарту, ПИК жұмысын цифрландыру, тариф белгілеуді реттеу және көмірмен уақытылы қамту жатады. Жедел шаралар 2019 жылдың басына дейін жүзеге асырылады. Қалған шаралар бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық бюджетте қаражат қарастырылған. Биыл 1 желтоқсанға дейін келесі жылға арналған бюджет қабылданатын болады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шаралар күшіне енеді», - деді Премьер-министр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер