Фото: ашық дереккөзден
«Астана-Алматы» бағытындағы №9 жолаушылар пойызы вагондарының рельстен шығып кетуі себептері анықталып жатыр. Бұл туралы сейсенбідегі Үкімет отырысында Шудан селекторлық байланыспен шыққан «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Бұған дейін пойыздардың жолдан шығып кету оқиғасы болмаған. Яғни бұл әдеттегі техникалық көрсеткіш емес. Бұл жерде жолаушылар пойызы түзу жолда аударылып кеткен. Осы учаскеде соңғы рет диагностика 6 маусым күні жүргізіліп, ешқандай ақаулар анықталмады. Аталған учаскеде сағатына 100 шақырыммен жүруге болады, ал жолдан шығып кеткен пойыз сағатына 92 шақырыммен жүрген. Қазіргі таңда теміржол инфрақұрылымының техникалық жағдайы қарастырылып жатыр. Мұндай жағдай тағы қайталанбауы үшін сәйкес шаралар қабылданатын болады. Комиссия айдың соңына дейін жұмысын аяқтайды», - деді ол.
Алпысбаев қазақстандық және ресейлік мамандар аталған теміржол бөлігінде ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, комиссия қатар тұрған жолмен жүк пойызын жүргізу тәжірибесін жасап көрген. Бұл тәжірибеден соң жолаушылар пойызының жолдан шығып кетуіне басқа пойыздың әсер етпегені анықталды.
Еске сала кетсек, осыған дейін Алпысбаев ҚР заңнамасы негізінде қаза тапқан баланың отбасына компания 1000 АЕК көлемінде 2 млн 405 мың теңге компенсация және зақым келген жолаушыларға зақым алу және денсаулығына тиген зиянын деңгейіне қарай 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ерікті түрде өтемақы төлеу туралы шешім қабылданғанын мәлім еткен болатын.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!