Н.Назарбаев: Биылғы жыл өте жақсы болады - Үкімет|03 Ақпан 2017, 13:45
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Н.Назарбаев: Биылғы жыл өте жақсы болады

Биылғы жыл былтырғыға қарағанда өте жақсы болады. Бұл туралы Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

"Жаңа ғана министрлердiң, әкiмдердiң есебiн тыңдап отырғанда, мен iшiмнен "биылғы жыл былтырғыдан өте жақсы болады" деп ойлап отырдым. Жағдай түзелiп келе жатыр. Мұнайдың да, металдың да, газдың да бағасы өсiп келедi. Бiз мұнай мен газдың төмен бағасына үйрендiк. Экономика осыған бейiмделдi деп айтуға болады. Бiр жағынан, осындай жағдай керек едi. Көп болғанда, адам барлығы бар ғой деп шалқайып жата берiп, қарамайды. Ал қазiр iзденiп, тауып, жасау керек", - дедi Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша, ендi алда ауқымды жұмыстар күтiп тұр.

"Жолдауда әрi қарай не iстеуiмiз керек екенiн айттым. 25 жыл iшiнде осы деңгейге келдiк. Аз шаруа iстелген жоқ. Жаңадан ұрпақ, жаңадан Қазақстан азаматтарын тәрбиеледiк. Жаңа экономика құрдық. Қанша қиыншылық болса да, нарықтық экономикаға көшiрудi бiтiрдiк. Елдiң дәрежесiн көтердiк. Соның арқасында дүниежүзiндегi шиеленiстi шешуге де бiз атсалысып отырмыз. Күнi кеше Сирияның мәселесiн Астанада қараудың өзi дүниежүзiнде өте үлкен баға алды. Үшiншi жаңғыру - өркендеген 30 елдiң iшiне ену үшiн жасалатын тағы бiр шара. Бұл жұмыс бұрынғы жұмыстан қиын, күрделi. Барлықтарыңыз ойлануыңыз керек", - деп Үкiмет мүшелерiне қарата айтты Президент.

Елбасының айтуынша, стратегиялық мақсатымыз 30 елдiң iшiне кiру үшiн басқаша жұмыс iстеу керек.

"Әрине, бұл жұмыс оңай емес. Мысалы, өткен 25 жылдың iшiнде 30 мемлекеттiң қатарына кiремiн деген бiз сияқты елдер болды. ОЭСР-дың iшiнде 26 мемлекет бар, осы 26 мемлекет қалды. 25 жылда 200 елдiң iшiнен серпiлiс алып, жалғыз мемлекет кiрдi - Оңтүстiк Корея. Көрiп отырсыздар, бұл оңай емес. Жаңа жағдайда бiзге дәл осындай серпiлiс керек", - дедi Н.Назарбаев.

Айта кетейiк, Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысы өтiп жатыр. Кеңейтiлген отырыс әдеттегiдей Ақордада емес, Үкiметте өтуде. Жиында алдымен елдiң 2016 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындылары талқыланды. Ендi Мемлекет басшысы алдағы жұмысты айқындап, үкiмет мүшелерiне тапсырмалар берiп жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер