Мұғалімдер мен дәрігерлердің тұрғын үй мәселесін шешетін Заң жобасын әзірлеу керек - сенатор - Үкімет|08 Қараша 2018, 12:15
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Мұғалімдер мен дәрігерлердің тұрғын үй мәселесін шешетін Заң жобасын әзірлеу керек - сенатор

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Бірғаным Әйтімова ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында ұстаздар мен дәрігерлерді баспанамен қамту мәселесін көтерді.

«Еліміздің тұрақты дамуы халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға үлкен үміт ұялатады. Қазіргі уақытта халқымыздың саны 18 миллион адамнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Қазақстан Республикасының Президенті осы жылдың 5 қазандағы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында өмір сүру деңгейі өсуінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде өмір сүрудің сапасын арттыру мәселесіне баса назар аударды. Президентіміз білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері, жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру мәселелері - әрбір қазақстандық отбасына қатысты болуы керек екенін атап көрсетті», - деді Әйтімова.

Сенатордың айтуынша, педагог қоғамның «қозғалтқышы», қоғамдық прогрестің катализаторы және үдеткіш рөлін атқарады.

«Дәрігер адамды туған кезде қарсы алады, әрдайым ауырған уақытында жанында және оны өмір жолының соңында шығарып салады. Педагогтар мен дәрігерлердің қоғамдағы маңызды миссияcына қарамастан, бүгінгі таңда олардың көбінің өмір сүру сапасы мен тұрғын үй жағдайы төмен деңгейде қалып отыр немесе өз баспаналары мүлдем жоқ. Мұндай жағдайды түбегейлі өзгертуіміз қажет», - деді Бірғаным Әйтімова.

Депутаттың мәліметінше, елімізде мұғалімдердің жалпы саны 285 996 адамды, оның ішінде қалада – 114 627 адамды, ал ауылдық жерлерде – 171 369 адамды құрайды. Денсаулық сақтау ұйымдарында жалпы алғанда 247 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 72 134-і – дәрігер, ал 175 246-сы – орта медицина қызметкерлері. Соның ішінде тікелей денсаулық сақтау жүйесінде – 56 570 дәрігер, 152 591 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

«Жалпы республикамызда жарты миллионнан астам мұғалім мен медицина қызметкері жұмыс істейді, бұл халықтың жалпы санының 3% пайызын немесе еліміздің экономикалық белсенді халқының 6% пайызын құрайды. 2018 жылдың 8 мамырында «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылуын талқылау барысында Сенат депутаттары Үкіметке дәрігерлер мен мұғалімдерді қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынды. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы бағдарламаның жобасын да дайындады», - деді Бірғаным Әйтімова.

Сенатордың айтуынша, мұғалімдер мен дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жолдарының бірі ретінде әскери қызметшілерге арналған тұрғын үй бағдарламасына ұқсас Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі іске асырып жатқан механизмді қолдану қажет.

«Өзіңізге мәлім, 2017 жылғы 12 желтоқсанда әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін, Сізден мұғалімдер мен дәрігерлердің тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша жаңа алгоритмді қарастыратын Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймыз. Құрметпен, Сенат депутаттары: Бірғаным Әйтімова, Дариға Назарбаева», - деді Әйтімова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер