Министр Сағадиев грант аз бөлінген мамандықтарды атады - Үкімет|15 Тамыз 2017, 10:36
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Министр Сағадиев грант аз бөлінген мамандықтарды атады

Фото: Ratel.kz

Бүгiн Үкiмет отырысында ҚР Бiлiм және ғылыми министрi Ерлан Сағадиев бiлiм гранттарының қалай бөлiнгенiн түсiндiрдi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Гранттарды мамандық бойынша бөлуге келсек, бiз гранттарды экономиканың басым бағыттарына сәйкес бөлемiз. Мысалы, 610 грантты есептеу технологиясына берсек, 45 грантты заң саласына бөлемiз. 2,5 мың грантты жалпы медицинаға берсек, 45 грантты тiс емдеу саласына бөлемiз. Әрине, бұның барлығы түрлi даму бағдарламаларында бекiтiлген. Сәйкесiнше, бiр мамандық бойынша жоғары балл жинаған түлектер грантқа түсе алмай қалса, басқа мамандық бойынша төмен балл жинағандар грантқа ие болады. Осындай жағдай жылда қайталанады. Яғни, экономикалық мақсат әлеуметтiк әдiлеттiлік мәселесiмен шиеленiседi», - деген Сағадиев биыл ЖОО-ға қабылдау мәселесi қаралатынын атап өттi.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғарғы балл жинап тұрып, оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге, оның ішінде «Алтын белгі» иегерлеріне қатысты шу шыққан болатын. Жағдайды ушықтырмас үшін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сондай талапкерлердің ата-аналарымен де кездескен еді. Наразы топпен жүздескен министр әрбір арыз-шағым жеке қаралады деп сөз берді.

Сондай-ақ, гранттарды бөлуге қатысты ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінiң директоры Гүлзат Көбенова түсініктеме берген болатын.

Биылғы оқу жылына 37 932 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Ал республика бойынша ҰБТ-ға қатысу үшін 86 999 мектеп бітіруші өтініш берген, ол жалпы мектеп бітірушілердің 71,85% құрайды. Оның ішінде: қазақ тілінде – 63 025 (75,63%), орыс тілінде – 23 974 (63,49%). ҰБТ-ға қатысуға өтініш бергендердің ішінен 84 079 мектеп бітіруші тестілеуге қатысты. Аудиторияда тәртіп сақтау ережесін бұзғаны және тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін 38 мектеп бітірушінің тест нәтижесі жойылды.

Қорыта келгенде, 2016 жылы 84 041 мектеп бітіруші немесе олардың жалпы санының 66,40%-ы ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Оның ішінде: 61 706 қазақ тіліндегі, 22 335 орыс тіліндегі мектеп бітірушілер. ҰБТ-ға барлығы 4 893 жалпы орта білім беру ұйымы қатысты.

Республика бойынша ҰБТ-ның орташа балл нәтижесі конкурсқа қатысты пәндер бойынша 65,96 балды құрады (2015 жылы 65,39 балл болған). Конкурсқа қатысты пәндер бойынша 6231 немесе мектеп бітірушілердің жалпы санының 7,41%-ы тоқсаннан жоғары балл жинады. Биыл республика бойынша ең жоғары 140 балды ешкім жинай алмады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер