Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев елді мекен тұрғындарына шағын кредит ретінде берілетін қаржының нашар игерілуіне байланысты Ауыл шаруашылық министрлігінің жұмысын сынады, деп хабарлайды baq.kz тілшісі.
Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев елді мекен тұрғындарына шағын кредит ретінде берілетін қаржының нашар игерілуіне байланысты Ауыл шаруашылық министрлігінің жұмысын сынады, деп хабарлайды baq.kz тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында тыңдалған негізгі мәселелердің бірі жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген кредиттерді игеру мәселесі болды. Бұл салаға биыл барлығы 30 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Оны бөлумен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. Отырыста микрокредиттер бойынша баяндаманы Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов жасаған болатын. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев одан қаржының нашар игерілу себебін сұрады. Және жауаптар оның ашу-ызасын туғызды.
- Бірнеше облыста қаржы нашар игерілген. Мәселе неде?
Бұл кезде сөзін аяқтаған бірінші вице-министр Айтуғанов мінберден түсіп орнына қарай беттеген еді. Оның азапты екі минуты осы сәттен басталды.
- Айтуғанов мен сізге сұрақ қойдым, ал сіз залда жүрсіз, - деді Сағынтаев сәл ғана даусын көтеріп.
Сасыңқырап қалған Айтуғанов қайтадан тұрып сөйлей бастаған. Бірақ микрофон үстелде, өзі түрегеп тұрғандықтан даусы естілмеді.
- Енді отырып жауап бере беріңіз. Неге тұрдыңыз?
- Біз мамыр айында ақша алдық.. – деп Айтуғанов сөзін жалғастыра бастады. Сағынтаев оны қайтадан тоқтатты:
- Қайрат Қапарұлы! Мен сізден ақшаны қашан алдыңыздар деп сұрамадым. Тек бес облыста ақшаның 60%-дан көбі игерілген. 47% игерген Жамбыл облысынан бастап, ештеңе игермеген Маңғыстауға дейінгілер ше? Мұның себебі неде? Сізден осыны сұрап отырмын. Анықтадыңыздар ма?
- Анықтадық, - деді вице-министр жұлып алғандай. – Маңғыстауда аграрлық кредит корпорациясының филиалы жоқ, сондықтан олар Атырауда несиеленеді. Бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Ол жерде барлығы 185 млн теңге. Әкімдіктермен жұмыс істеп жатырмыз.
Бұл себеп Үкімет басшысын қанағаттандырмады.
- Адамдарды Маңғыстаудан Атырауға қуалағанша, мысалы Астанадан іссапарға жіберген дұрыс болмас па еді? Адамдар рационалды бөлінбеген, - деді ол. Айтуғанов жауап бере алмай біраз кідірді.
- Жақсы, Бақытжан Әбдірұлы..., - деді сосын. Даусы дұрыс шықпағандықтан сөзінің ар жағы естілмеді. «Уәде берем» деп жатқандай болды. Бірақ мұнымен құтылмаған екен.
- Басқа аймақтар ше?
Айтуғанов қайтадан екпінді сөйлей бастады. Кемшілікті мойындау керектігін ол енді түсінген-ді.
- Шығыста да игеру мәселесінде проблемалар болды. Біз директорды және орынбасарын ауыстырдық. Ол жерде мәселе бізден болды. Яғни, менеджмент нашар жұмыс істеді.
- Сіздердің қызметкерлер нашар жұмыс істеп жатыр ғой?
- Иә. Бірақ біз оларды жұмыстан босатып жаңа менеджмент әкелдік.
- Басқа облыстарда ше? – деді Сағынтаев.
- Ақмола облысында проблема болмайды деп ойлаймын...
- Жақсы, Солтүстік Қазақстанда ше? 15 пайыз...
- Ол жақта да мәселе бар. Біз шешім қабылдадық, қазір ол жақта да басқа директорлар жұмыс істей бастады...
Мұнша игерілді, мұншасы қалды, қалғанын мына уақытта игереміз деген мәліметтермен баяндаманы аяқтамақ болған Айтуғановтың ойлағаны шықпады. Оған барлық кемшіліктер үшін жауап беруге тура келді. Жауапкершіліктің кімде екенін диалог соңында Сағынтаев шегелей айтты:
- Яғни, кадрлар, - деді ол. – Сіздер таңдаған кадрлар өздерінен талап етілген жұмыс көлемін орындауға дайын емес. Кім болса, соны жұмысқа аласыздар. Бұл жаман!
Негізгі мәселе: Өнімді еңбекпен қамту және шағын шаруаларға кредит беру
Биыл 27,1 млрд теңге бюджет ақшасы микрокредиттерге (Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры бойынша 16 млрд), аграрлық кредиттік корпорацияға 11 млрд теңге, микрокредиттерді кепілдендіруге 2,8 млрд бөлінген.
Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры бойынша бөлінген қаржының бүгінге дейін жартысынан сәл көбі ғана игерілген.
Айтуғановтың айтуынша, қор 10 қыркүйекке дейін он үш облысқа бөлінген қаржыны толық игереді. Ал Шығыс Қазақстанда 13 қазанға дейін игеріліп болмақ.
Бұл кредиттерге тұрғындарға сұраныс жоғары екенін ескере келе қор «Жол картасы» бағдарламасынан қайтқан қаржы есебінен қосымша үш млрд теңге қарастырып отыр деді ол. Аграрлық корпорация қаржының 48%-ын игерген. Игеру бойынша алда Ақтөбе (86%) және Павлодар облыстары (84%). Ең төмен игеру Солтүстік Қазақстан (15%). Ал Маңғыстауда игеру әлі басталмаған.
Өнімді жұмыспен қамту жоспары бойынша бүгінге дейін қандай шаруалар жасалды?
2017 жылдың 4 тамызына дейін 2909 микрокредит берілген. Оның ішінде:
Бүгінге дейін 517 кооператив құрылған (жоспардағы 467 орнына). Оның ішінде:
Тауарлы өндіріске 53,5 жеке шаруа қожалықтары мен шағын фермерлік қожалықтар тартылған.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!