Фото: ашық дереккөзден
Бүгінгі Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту мақсатында 2019 жылдан бастап төрт төлемді құрайтын бірыңғай жиынтық төлем режимін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Министр Жол картасының екінші бағыты жұмыспен қамтуды ресмилендіру жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру барысын баяндады.
«Бүгінде ресмилендірудегі маңызды мәселелер қатарында статистикалық есепке алу, жоғары салық және ұйымдастырушылық құқықтық режимі секілді мәселелер бар. Қазіргі уақытта бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру мәселесі бойынша «ҚР кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» тиісті заң жобасы әзірленуде. Бұл заң жобасында жұмыспен қамтылғандардың және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың бірыңғай түсінігі мен олардың санаты анықталады», - деді Әбілқасымова.
Ол Халықаралық еңбек ұйымы жұмыспен қамтылған халықты статистикалық есепке алудың жаңа классификатор жобасын әзірлегенін атап өтті. Ұйым жұмыспен қамтылған халықты жіктеудің екі жаңа тәсілін ұсынады: бірінші, өкілеттік түрі бойынша тәуелсіз жұмыскерлер және тәуелді жұмыскерлер, екінші, экономикалық қауіп-қатер түрі бойынша пайда мен жалақыға бағдарланған жұмыскерлер.
«2019 жылдан бастап жаңа статистикалық есепке көшу мақсатында арнайы Жол картасы әзірленеді. Тіркеуді жеңілдету және бейресми жұмыспен қамтылған халықтың қызметін заңдастыру үшін жаңа арнайы салық режимі бірыңғай жиынтық төлемін енгізу ұсынылады. Ол төрт төлемді біріктіреді: жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру жарналары. Бірыңғай жиынтық төлемі автоматты түрде қызметті тіркеуді, медициналық және әлеуметтік сақтандырудың зейнетақы жүйесіне қатысуды білдіреді. Бірыңғай жиынтық төлемі ең біріншіден жеке тұлғаларға қызмет көрсететін басқа жеке тұлғаларға, қосалқы шаруашылыққа, үй жұмыскерлеріне, сауда нысандарында арнайы орындары жоқ жеке тұлғаларға арналған. Сондай-ақ бұл төлем жалдамалы жұмыс еңбегін қолданбайтындарға бағытталған. Жаңа салық режимі жеңілдетілген салық және патент режимдерімен қатар жұмыс жасайды», - деді министр.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!