BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

К.Мәсімов Ақтөбе облысындағы тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты

Үкімет басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге Ақтөбенің жаңа «Батыс-2» ықшам ауданындағы коммерциялық көпқабатты үйге барды. Бұл жерде олар тұрғын үй құрылысы бағдарламасының алдын ала қорытындыларымен танысты.

Кәрім Мәсімовке мемлекет және жеке құрылысшылар тарапынан тұрғын үй құрылысы саласына қатысты жасалып жатқан инвестициялық саясаттың облыста қолданысқа берілетін тұрғын үй көлемін төмендетпеуге мүмкіндік беріп отырғаны туралы баяндалды.

Мәселен, 2015 жылдың қорытындысына сәйкес, барлық қаржы көздері есебінен 536,2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, 4629 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл өңірде 580 мың шаршы метрден кем емес баспана қолданысқұа беріледі деп жоспарланған, оның 141,9 мың шаршы метрі барлық қаржы көздері есебінен пайдалануға берілді.

Облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары Премьер-министрге «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен облигация шығару арқылы тұрғын үй құрылысы қарастырылғанын хабарлады. Бұл мақсаттарға облыста 2016 жылы «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінде 6 жоба құрылысынбастап кету үшін 4,5 млрд. теңге қарастырылған. Барлық жұмыс 2017 жылы аяқталады, 75,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі, 1278 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

«Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі бойынша 50 мың шаршы метр несиелік және жалдамалы баспана құрылысы үшін облысқа Ұлттық қордан 7,6 млрд теңге бөлінеді. Сонымен бірге шамамен 4,9 млрд. теңге құрылысы қарқын алған аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы нысандарының құрылысы үшін қарастырылып отыр.

- Мемлекет басшысының облыс тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін барлық шараны қолға аламыз, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Өңірдегі ірі құрылысшылардың бірі «Нектар» өндіріс кооперативінің төрағасы Шамиль Каспранов Үкімет басшысына 20 жылдан бері ондаған баспана тұрғызғанын, 300 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа бергенін жеткізді. Сонымен қатар, бірнеше балабақша мен әлеуметтік маңызы бар қосымша құрылыстар жүргізген. Бүгінде компания «Батыс-1» ықшам ауданында екі бесқабатты тұрғын үй және 320 орынға есептелген балабақша құрылысын жүргізіп жатыр. Аталған тұрғын үй массивінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында кәсіпорын жекпе-жек сарайы тұрғызылады.

Үкімет басшысы көпқабатты үйдегі пәтерлерді қарап шығып, құрылыс жұмыстарының сапасына өз бағасын берді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер