Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа салық режимі енгізілмек - Үкімет|17 Сәуір 2018, 14:46
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа салық режимі енгізілмек

Үкіметте елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамататтарға жаңа салық режимін енгізу ұсынылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Жол картасының 6-тармағын іске асыру мақсатында жаңа «бірыңғай жиынтық төлем» режимі ұсынылады. Төлем мөлшері қаладағы төлеушілерге айына 1 АЕК 2405 теңге және ауылдағыларға 0,3 АЕК 722 теңге құрайды. Төлем құрамына салық және барлық әлеуметтік төлем кіреді», - деді Сүлейменов.

Ол жаңа режимнің мәні азғантай салық сомасында, салық және әлеуметтік төлемдерден құралатын бірыңғай төлемде, салық есептілігінің, тексерулерінің және әкімшілік жазалардың болмауында екенін атап өтті. Режим жеке тұлғаларға қызмет көрсететін жеке тұлғаларға арналған.

«Бірыңғай жиынтық төлем сомасына: жеке табыс салығы 10%, міндетті зейнетақы жарнасы 40%, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік төлем 10%, әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар 40% кіреді. Шекті табыс мөлшері жылына 100 еселенген жалақының ең төменгі мөлшері жылына 2 828 400 теңге, айына 235 700 теңге», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, жиынтық төлемді төлеу төлеуші ретінде тіркеуді бастау мен төлемді тоқтата тұру қызметтің тоқтатылуын білдіреді. Ешқандай қосымша тіркелу және хабарламалар талап етілмейді. Төлем банктер мен терминалдар арқылы «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясының шотына аударылып, әрі қарай төлем қорларға бөлінеді.

Бірыңғай жиынтық төлем жеке тұлғаны тіркеу орны бойынша төленеді. Салық кезеңі 1 ай болады. Сүлейменовтың айтуынша, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге бірқатар шарт қолданылатын болады:

1) жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайды;
2) тек жеке тұлғаларға қызмет көрсетеді;
3) сауда нысандары мен базарлар аумағында коммерциялық тұрақты орны жоқ;
4) жылына 100 жалақының ең төменгі мөлшерінен артық емес табыс алады;
5) ҚР аумағында тұрақты тұратын адамдар мен оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар болып табылмайды.
6) меншікті өндірістегі жеке қосалқы шаруашылық ауылшаруашылығы өнімдерін жеке тұлғаларға өткізетін жеке тұлғалар.

Министр бірыңғай жиынтық төлем қолдау тапқан жағдайда Салық кодексіне тиісті нормалар енгізілетінін, төлем тәртібі мен бөлу тетігі Үкімет қаулысымен анықталатынын айтты. Міндетті медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңдар Салық кодексіне сәйкес келтіріледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер