Қаржы министрі: Мемлекеттік бюджет кірістері асыра орындалды  - Үкімет|17 Сәуір 2018, 11:17
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қаржы министрі: Мемлекеттік бюджет кірістері асыра орындалды 

Мемлекеттік бюджет кірістері есептік кезеңнің жоспарына қарағанда 107,8%-ке асыра орындалды. Бұл жөнінде бүгінгі үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бірінші тоқсандағы мемлекеттік қаржыны басқарудағы қызметтің маңызды басымдылықтары ол жоспардағы кірістердің толық түсуін қамтамасыз ету және шығыстар бойынша мемлекеттік сатып алулар рәсімдерінің уақытында өтуінен бастап жеке келісімшарттар бойынша міндеттемелердің дер кезінде тіркелуін қадағалау болды. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберіндегі қаржылық процестерге аса назар аударылды. Нәтижесінде, мемлекеттік бюджет кірістері есептік кезеңнің жоспарына қарағанда 107,8%-ке, республикалық 101,9%-ке, жергілікті бюджеттер 124,6%-ке асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,7%, республикалық 96% және жергілікті бюджеттер 97,7% шамасында атқарылды. Өткен есепті кезеңнің басты ерекшелігі – төртінші деңгейдегі жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің жұмысы басталды. Бірінші тоқсанда олардың шоттарына 28 млрд теңге түсім жиналып, 22 млрд теңгеге шығыстар жұмсалды», - деді Сұлтанов.

Бюджет параметрлерінің орындалуына толығырақ тоқталған министр салық пен сыртқы сауда айналымындағы жоспарлар да белгіленген межеден асыра орындалғанын атап өтті.

«Республикалық бюджетке 1 трлн 299 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 24 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 142 млрд теңгеге артық, өсу қарқыны 112,3%. Жоспардың асыра орындалуы салықтар есебінен 17 млрд теңге, салықтан тыс төлемдер бойынша 7 млрд теңге қалыптасты. Салықтар жоспарының артығымен орындалуына тау-кен өнеркәсібінде өнім шығарудың 105% өсуі, өңдеуші өнеркәсіп саласындағы 106,1%, сауда 107%, көлік 104,4%, байланыс 105,7%, ауыл шаруашылығы 105,3% ұлғаюы әсерін тигізді. Сыртқы сауда айналымының 24,8%-ке, оның ішінде, импорттың 25% артуы тікелей қосымша түсімдерге алып келді», - деді министр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер