BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Google Translate қазақша дыбыстық аударма қызметін іске қосады

Фото: egemen.kz

Алдағы уақытта Google Translate жүйесіне қазақ тілінде ауызша аудару қызметі қосылады. Қазіргі таңда коммерциялық емес ұйым аталған жобаға 4 млн теңге бөлді. Ендігі қазақ тіліндегі 150 мың сөз бен сөз тіркестері дыбысталып, Google компаниясына жіберіледі. 2 жылдың ішінде жобаны жасап бітіруге тырысамыз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Google Translate жүйесіне қазақ тілінде ауызша аудару қызметі қосылады. Бұл жоба мемлекеттік не коммерциялық емес. Жобаны жүзеге асыруға «Beeline» компаниясы 4 млн теңге бөлді. Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірмелі сөздігі бар. Осы сөздіктегі барлық сөздер мен сөз тіркестері қазақ тілінде дыбысталуы тиіс. Бұл - 150 мың сөз бен сөз тіркестері. Қаржы осыған бөлінеді», - деді ол.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры қазақ тілінде сөздер мен сөз тіркестері дыбысталып болған соң, тиісті мәліметтер аталған компанияға жіберілетінін айтты.

«Кейін дыбысталған файлдардың барлығы сапалы түрде өңделіп, мәліметтер Google-ға жіберіледі. Компания оны қайтадан өңдеп, жүйеге салады. Ол аударма нұсқаларын бере бастайды. Сол аударма нұсқаларын біз бағалаймыз. Осылайша Google Translate жүйесіне қазақ тілінде ауызша аудару қызметі іске қосылуы тиіс. Біз 2 жылдың ішінде жобаны жасап бітіруге тырысамыз. Бізде қазақ тілінің осы жүйеге қосылуын тағатсыздана күтеміз», - деді басшы.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, аталмыш жоба қазақ тілін жаңа технологияларда қолдануға мүмкіндік береді.

«Егер қазақ тілі Google аудармашы қызметінің дыбыстан дыбысқа аудару жүйесі қосылатын болса, бұл бізге не береді? Қазіргі таңда дауыспен басқарылатын технологиялар көбейіп келе жатыр. Мысалы, ақылды үй. Сіз үйіңізге кірген кезде ол жүйе арқылы жарықты сөндіресіз, қосасыз. Қазіргі таңда үйдегі қондырғыларды өшіріп қосу немесе сол секілді бұйрықтар беру дауыс арқылы жасалып жатыр. Google аудармашы қызметінде дыбыстан дыбысқа аудару қызметіне қазақ тілінің қосылуы осындай дауыс және дыбыстану қызметтерін қазақ тілінде кеңінен қолдануға мүмкіндік беріп, қазіргі технологиялардың аясында қазақ тілін кеңінен пайдалануға жол ашады. Сондықтан біз осы жобаға тілге жанашыр барлық азаматтарды араласуға, көмектесуге шақырамыз», - деп түйіндеді сөзін директор.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер