BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ғ.Қасымов: Министр бюджетпен айналысудың орнына, асханаларға шүйліккені несі?

Мекемелердегі асханаларды жалға беру құнын көтерумен байланысты жағдай әлі де шешімін таппай отыр. BNews.kz студиясында өткен онлайн-конференция барысында «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов осы мәселеге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Естеріңізге салып өтсек, былтыр наурыз айында ҚР Ұлттық экономика министрлігі мекемелердегі асханалардың қожайындары үшін жалға беру құнын 5 млн теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдаған болатын. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жаңашылдыққа бірден қарсы шығып, істі талқылау үшін Бас прокуратураны тартты.

Осы жылдың қаңтар айының соңында Бас прокуратура жалгерлік ақыны заңсыз көтеру туралы үкім шығарып, Ұлттық экономика министрлігін білім беру, денсаулық сақтау және ІІМ мемлекеттік мекемелеріндегі асханаларды жалға беру құнының бұған дейін бекітілген мөлшерлемесін қайта қарауға міндеттеді. Алайда жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр. Ғани Қасымовтың ойынша, министрліктің қабылдаған шешімі барып тұрған бассыздық, себебі ол бизнестің дамуын тежейді.

«Біз бұл істі әлі аяқтаған жоқпыз. Былтыр наурыз айында ұлттық экономика министрі орындауды міндеттейтін хат шығарды. Қоғамдық тамақтану орындарында, яғни студентер, әскерилер асханасында, ауруханаларда әлеуметтік бизнес бойынша жалға алу/беру құнының мөлшерлемесі көтерілді. Ондай мекемелерде қайнап тұрған бизнес те жоқ. Бұл ұйымдарда жалгерлік ақы 300 мың теңгеден 5 миллионға дейін шарықтаған. Бұл деген барып тұрған бассыздық», - дейді ол.

Спикердің айтуынша, министрлік бұл мәселеге қатысты ашынғандардың талабын ескеріп, төлемді 3,5-4 млн теңгеге дейін түсірді. Дегенмен бұл бағаны да кәсіпкерлердің қалтасы көтермейді.

«Біз Бас прокуратурамен бірлесіп ұйғарым әзірледік. Бұл мәселе Бас прокуратурада талай рет қозғалды, қазір де осы жәйтті көтереміз. Министрлік бір жыл ішінде наразылық білдіргендердің шағымына құлақ асып, 5 млн теңгеден 3,5-4 млн теңгеге дейін төмендетті. Сондағы қол жеткізгеніміз не? Асханалар бірінің артынан бірі жабыла бастады. Бұл ісіміз қаншалықты ақылға қонымды болды? Сол себепті біз бұл бұйрықтың алынып тасталуын талап етуді жалғастыра береміз. Министр бюджетпен айналысудың орнына, асханаларға шүйліккені несі? Мұндай министрліктер мен министрлердің құқығын тартып алу қажет. Өздерінің тікелей міндеттерімен айналыссын», - деп түйіндеді Ғани Қасымов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер