Тиісті заң қабылданғаннан кейін алдағы жылы дәрілердің бөлшек саудадағы шекті бағасы бекітіледі. Бағалар Қазақстанның барлық өңірінде бірдей болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Жеке дәріханаларда сатылып жатқан дәрі-дәрмектердің шекті бағасын реттеуге байланысты заң жобасының тұжырымдамасы дайындалды. Біз бағаны ретке келтіре алмаймыз. Себебі, ондай құқығымыз жоқ. Сондықтан барлығын заң аясында шешу керек», - деді ол.
Брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі аталмыш заң жобасы бизнес өкілдері және қоғам белсенділерімен талқыға салынатынын атап өтті. Содан кейін ғана заң жобасы Парламент депуттарының қарауына жіберіледі.
«Тиісті заң қабылданғаннан кейін яғни алдағы жылы дәрілердің бөлшек саудадағы шекті бағасы бекітіледі. Бағалар Қазақстанның барлық өңірінде бірдей болады», - деп атап өтті Елжан Біртанов.
Министр дәрі-дәрмек бағасы қалай ретке келтірілетіндігін де түсіндіре кетті. Оның айтуынша, баға бекітілмес бұрын дәрі-дәрмек өндірушілердің де пікірі ескеріледі.
«Дәрінің бағасы Қазақстан аумағында тіркелгеннен кейін олар (фармацевтикалық компаниялар – автор) көтерме саудадағы дәрінің бағасын ресми түрде жариялайды. Кейін біз препаратқа шекті бағаны қоямыз. Яғни референттік бағаны белгілеу процесі жүреді. Бір препараттың бағасын 9 елде сатылып жатқан сол дәрінің бағасымен салыстырамыз. Бұл әділетті бағаны бекітуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Сонымен қатар Біртанов дәрі жеткізушілердің препаратқа 25% үстеме баға қойып отырғанын айтты. Оның пікірінше, бұл дәрі-дәрмектің қымбат болуына әсер етуде.
«Логистикалық шығындарға тоқталайық. Біздің пікірімізше, дәрінің үстіне қосылатын 25% - бұл өте жоғары деңгейдегі үстеме баға. Халықаралық және өзіміздің бірыңғай дистрибьюторымыздың тәжірибесіне көз жүгірттік. Біз дәрі-дәрмекке қол жетімділікті үстеме бағаны төмендету арқылы сақтай аламыз. Себебі, логистикалық қызметтерді бірыңғай дистрибьютор өз мойнына алып отыр. Ол осы препараттарды дәріханаға жеткізуде. Дәріханалар тек өнімдерді сатып, есеп-қисабын жүргізетін болады», - деп түйіндеді сөзін министр.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!