Фото: Абзал ҚАЛИЕВ
Елімізде «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Оған сәйкес жол қозғалысы ережесінің барлық түрі бойынша әкімшілік айыппұлдардың көлемі 30% немесе 50%-ға азаюы мүмкін. Аталмыш заң жобасы Мәжілісте маусым айында таныстырылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің директоры Дархан Игембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Нақты айтар болсақ, жол қозғалысы ережелерінің барлық түрі бойынша әкімшілік айыппұлдардың көлемін төмендету жайлы мәселе қаралып жатыр. Бұл бізге ғана байланысты емес. ҚР ІІМ-ге қарасты құзырлы органдар бар. Олардың да пікірін ескеруіміз керек. Жалпы Ішкі істер министрлігі бізді қолдап отыр. Жұмысымыз Елбасы жолдауын орындауға бағытталған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 157-бабы бойынша айыппұлдардың көлемін азайтуды көздеп отырмыз», - деді ол.
Департамент директоры айыппұлдардың көлемі қандай баптарда өзгеретіндігіне тоқталды. Оның айтуынша, аталмыш кодекстің 151-бабы бойынша шикiзатты, азық-түлiк және өнеркәсiп тауарларын еліміздің шегiнен тыс жерге әкету немесе жөнелту қағидаларын бұзу, 205-бап бойынша бюджетке төленетiн салықтық емес төлемдердi және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді толық және (немесе) уақтылы төлемеу, 594-бап бойынша жол қиылыстарынан өту қағидаларын бұзу немесе жолдың жүру бөлiгiн кесiп өтуге қатысты айыппұлдар азаяды.
«Әрбір бапты жеке қарастырып отырмыз. Айыппұлдың көлемі 30% немесе 50%-ға дейін азаюы мүмкін. Бұл заң жобасы қаралып жатыр. Шамамен маусым айында ҚР Парламенті Мәжілісіне жолдаймыз», - деп түйіндеді сөзін Дархан Игембаев.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!