Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында марокколық шегіртке жаппай таралуы мүмкін. Осы орайда, аталған өңірлерде зиянкестерге қарсы 640 мың гектарды өңдеу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде бүгін өткен Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашлығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Осы жылы зиянды және аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілердің 5 млн 100 мың гектарға, оның ішінде, 1 млн 920 мың гектарға үйірлі шегіртке тектес зиянкестердің, 400 мың гектарға астық дақылдары ауруларының және 44 мың гектарға саяқ шегіртке тектестердің таралуы болжануда. Өсімдіктерді қорғау шараларын жүргізуге республикалық бюджеттен 2 млрд 500 млн теңге бөлінді. Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы 540 дана бүріккіш техника жұмылдырылады», - деп министр болжамдарымен бөлісті.
Сонымен қатар, Евниев кей облыс әкімдіктері зиянкестермен күресуге қаражат қарастырмағанын да атап өтті.
«Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында марокколық шегіртке жаппай таралуы мүмкін. Осы өңірлерде марокколық шегірткеге қарсы 640 мың гектарды өңдеу жоспарланып отыр. Облыс әкімдіктеріне жедел штабтар құруды ұсынамыз. Саяқ шегіртке тектестерге баса назар аудару қажет. Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар 408 мың гектар жерді өңдеуге 317 млн теңге бөлді. Қолдағы ақпаратқа сәйкес, облыс әкімдіктерінің барлығы бірдей бұл мақсаттарға қаражат көздемеген. Мысалы, Қарағанды облысының әкімдігі 15 млн 600 мың теңге бөлген. Бұл 33 мың гектар жердің тек 24 пайызын өңдеуге мүмкіндік береді», - деді ол.
АШМ мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта шекаралас аумақтардан үйірлі шегіртке тектестердің ұшып келуін уақытылы алдын алу мақсатында министрлік Қытай, Өзбекстан және Ресеймен үйірлі шегіртке тектестермен күресу жөнінде ынтымақтастық туралы келісімдер жасаған.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!