Фото: ашық дереккөзден
2018 жылдың соңына қарай елдегі жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын 60% - дан 57% - ға дейін төмендетуді болжануда. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында энергетикалық инфрақұрылымды нығайту бойынша баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Ағымдағы жылы «Шүлбі ГЭС – Ақтоғай – Талдықорған – Алма» бағыты бойынша жоғары вольтты желілерді салу жобасын іске асыру үшін 25,8 млрд теңге көзделген. Оның ішінде 6 айдың қорытындысы бойынша мердігерлік ұйымдарға 17,6 млрд теңге мөлшерінде сома төленген. Жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деген Сүлейменов қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары өндіріс кестесіне сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.
Министр мемлекеттік бағдарламаның келесі бағыты болып табылатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымына тоқталып өтті.
«2018 жылы осы бағытқа Республикалық бюджетті нақтылау кезінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерін жаңғыртуға 38,9 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 1 шілдедегі жағдай бойынша 18,4 млрд теңге немесе жылдық жоспардың 48% игерілді. Қаржыландыру жоспарына сәйкес игерілу 100% - ды құрады. Сондай-ақ, 2018-2019 жылдар аралығындағы кезеңде барлығы шамамен 250 км желілерді салу және реконструкциялау жоспарланып отыр. Ал 2018 жылдың соңына қарай жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын 60% - дан 57% - ға дейін төмендетуді болжап отырмыз», - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, 2018 жылы халықаралық қаржы ұйымдары мен республикалық бюджеттен көзделген 19,2 млрд. теңгенің бүгінде шамамен 7% игерілген.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалғасып жатқан жобалар жол, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жеке сектор мен кәсіпкерлікті дамытуды қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және ауыл шаруашылығын жаңғырту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау сияқты экономикалық дамудың маңызды бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолжетімді қаржы ресурстарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қаржыландыру жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда», - деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!