Ел аумағы түгел цифрлық деңгейге көшеді дегенге сенбегендер болды – Абаев - Үкімет|04 Қыркүйек 2018, 11:50
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ел аумағы түгел цифрлық деңгейге көшеді дегенге сенбегендер болды – Абаев

Фото: мұрағат

Бүгін Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елдегі цифрландыру бағдарламасының қалай іске асырылып жатқанын баяндады. Ол еліміз түгел цифрлық деңгейге көше алатынына сенбегендердің болғанын атап өтті, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Министр цифрлық хабар тарату қалың көрерменге әсіресе аудан, қала орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылдағы ағайынға қандай пайда әкелетінін айтты.

«Биыл қазақ телевизиясының құрылғанына 60 жылдан аса уақыт өтті. Дәл осындай тарихи кезеңде біз отандық цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды кешенді түрде қолға алдық. Қазір жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл ауқымды әрі маңызды шара екенін атап өткім келеді. Цифрлық хабар тарату қалың көрерменге әсіресе аудан, қала орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылдағы ағайынға қандай пайда әкеледі? Біріншіден: бұл эфирдің және дыбыстың жоғары сапасын, Екіншіден: телеарналар пакетінің ұлғайуын қамтамасыз етеді», - деді ол.

Абаевтың айтуынша, осы бағдарлама басталғанда Қазақстанның бар аумағы цифрландыруға көшеді дегенге сенімсіздік білдіргендер болыпты.

«Мемлекетіміз осы жұмысты қолға алған уақытта бүкіл елдің аумағын цифрлық деңгейге көшіру жоспарының жүзеге асатынына сенімсіздікпен қараған адамдар да болды. Өйткені Қазақстанның жер көлемі өте ауқымды екені белгілі. Халық та тығыз орналаспаған. Шекарадағы ауылдар мен алыс елді мекендерде тұратын халықтың 100%-ын цифрлық хабар таратуға ауыстыру алынбайтын қамал сияқты көрінгені рас. Алайда Елбасының тікелей тапсырмасы мен саяси ерік-жігерінің нәтежиесінде қаржылық мәселелер де шешіліп, телекоммуникация саласындағы инфрақұрылымды дамытуға даңғыл жол ашылды», - деді министр

Ведомство басшысы Қазақстанды цифрлық жүйемен толық қамтамасыз ету үшін 827 станция керек екенін атап өтті.

«Көрші Қырғызстан цифрлық хабар таратуға толық ауысты. Оларға 100-ден аса радио телевизиялық станция жеткілікті болды. Ал біздің мемлекетті толық қамтамасыз ету үшін 827 станция қажет. Біз ол жұмысты аз уақытта аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді министр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер