Бүгін Үкімет отырысында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөніндегі ҚР Заңын іске асыру шаралары туралы» баяндама жасады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөніндегі ҚР Заңын іске асыру шаралары туралы» баяндама жасады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Атап өтсек, 2018 жылы 24 мамырда Мемлекет басшысы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, сондай-ақ әкімшілік кедергілер мен бизнес шығындарын қысқартуға бағытталған Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңға жария түрде қол қойды.
Үкімет регламентінің талаптарына сәйкес ағымдағы жылдың 29 мамырында премьер-министрдің өкімімен барлық мемлекеттік органдармен келісілген жобасы ұсынылды, оған заңды іске асыру үшін қабылдау қажет нормативтік-құқықтық актілердің тізбесі бекітіледі.
«Жалпы алғанда, Заңды іске асыру үшін 146 заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілері қабылдануы тиіс. Оның ішінде «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның позицияларын жақсарту мақсатында 24 нормативтік құқықтық актілер қабылдау зор маңызға ие. Қазіргі уақытта өкім жобасы премьер-министр Кеңсесінің тиісті құрылымдық бөлімшелерімен бірге пысықталып, соңғы келісу рәсімдерін жүргізу сатысынан өтуде және Сізге жақын арада қол қоюға ұсынылатын болады», - деді сөз басында ұлттық экономика министрінің бірнші орынбасары.
Сондай-ақ, ол заңға тәуелді актілер әзірленіп, олардың көбісі қазіргі кезде мемлекеттік органдарда келісу рәсімдерінен өту сатысында екенін атап өтті.
«Ал біз, өз тарапымыздан, осы жұмысты тұрақты түрде үйлестіруді жүргізетін боламыз. Бақытжан Әбдірұлы, Сіз Қауіпсіздік кеңесінің соңғы отырысында айтылған Заңды кеңінен түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырған болатынсыз. Осы тапсырмаңызды орындау мақсатында 8 маусымнан бастап Павлодар, Көкшетау, Алматы, Ақтөбе қалаларында жақын жердегі өңірлерді тарта отырып, кәсіпкерлер арасында ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын жүргіздік», - деді ол.
Аталған жұмысқа жергілікті атқарушы органдардың, Бас прокуратураның, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және оның өңірлік палаталарының өкілдері, бизнес-қауымдастықтар, сондай-ақ бизнестің өз өкілдері қатысты. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар тарапынан да және ең маңыздысы, кәсіпкерлердің өз тарапынан да өте жоғары қызығушылық таныту байқалды.
«Бүгінде 200-300 адамнан тұратын аудитория жиналып, әртүрлі қойылатын сауалдарға толық түсініктеме алуда. Нәтижесінде бизнес пен бизнес-қоғамдастық Заң шеңберінде жүргізілген реформаларға оң бағасын берді. Сонымен қатар, бизнес есептілігін қысқарту, табиғи монополиялар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсететін міндетті қызметтерді алу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі реформа ерекше көзге түсті», - деп толықтырды Руслан Дәленов.
Сондай-ақ, 29 маусымда Астана қаласында үлкен конференция өткізу жоспарлануда, онда өңірлерде қойылған барлық мәселе ескеріле отырып, жүргізілген түсіндіру жұмысы түйінделеді.
«Екінші кезеңде, ағымдағы жылдың шілде айында Реттеушілік әсерді талдау институтын өңірлік деңгейге дейін кеңейтуге байланысты, жергілікті атқарушы органдар үшін бірқатар көшпелі семинарлар өткізу жоспарланып отыр. Бұл семинарларда жергілікті органдар енгізілетін реттеудің шығыны мен пайдасын талдау және бағалау тәртібін оқытудан өтеді. Осылайша, жүргізілетін жұмыс елдің бизнес-ахуалын жақсарту бойынша жүргізілген реформалар мен қабылданған заңнамалық шаралардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіс», - деді ол.
Сөз соңында ұлттық экономика министрі үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан мемлекеттік органдардың назарын қажетті заңға тәуелді актілердің қабылдануын тездетуді сұрады. Өз кезегінде ҚР Премьер министрі бұл заңға Президенттің осыдан бір ай бұрын жария түрде қол қойғанын алға тарта отырып, жұмысты тездетуді уәкілетті органдарға тапсырды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!