Кеше кеңейтiлген үкiмет отырысында Президент берген тапсырмаларды iске асыру бойынша бүгiн Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев отырыс өткiзiп, үкiмет мүшелерiне нақты мiндеттер жүктедi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
Кеше кеңейтiлген үкiмет отырысында Президент берген тапсырмаларды iске асыру бойынша бүгiн Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев отырыс өткiзiп, үкiмет мүшелерiне нақты мiндеттер жүктедi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Кешегi кеңейтiлген үкiмет отырысында Елбасы тарапынан бiрқатар сын-ескерту айтылып, нақты тасырмалар берiлдi. Бiз бүгiн сол тапсырмаларды iске асыру үшiн бағыт-бағдарымызды айқындап, тиiстi шешiмдердi қабылдауымыз керек. Ең алдымен, Мемлекет басшысы дамудың ұзақ мерзiмдi кезеңiнде 5 пайыздық экономикалық өсiмдi қамтамасыз етудi тапсырды. «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын елiмiздiң 2025 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспарының басты мақсаты осы болуы тиiс. Елбасы атап көрсеткендей, бұған жетуге бiздiң экономикамыздың мүмкiндiгi де, әлеуетi де жеткiлiктi», - дедi Б.Сағынтаев.
Үкiмет басшысы бизнес климатты жақсарту бойынша түйткiлдi мәселелерге тоқталды.
«Президент атап өткендей, бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Бiрақ бизнестi реттеу жүгi артып келедi. Бiр жағынан, заңға өзгерiстер енгiзiп, рәсiмдердi жеңiлдетiп жатырмыз. Соңғы бес жылда рұқсат беру құжаттарын 3,2 есе қысқарттық. Екiншi жағынан, осы кезеңде қабылданған нормативтiк актiлердiң саны керiсiнше 1,7 есе артқан. Олардың 80 пайызы әкiмдiктер мен мәслихаттардың актiлерi. Ұлттық экономика министрлiгiне осы мәселенiң мән-жайын анықтауды тапсырамын. Кеше айтылғандай, республикада бақылау-қадағалау функцияларын 61 ведомство iске асырады, оның 45-i орталық ведомство. Кәсiпкерлерге 28 мыңнан астам талап қойылады», - дедi ол.
Осыған орай Б.Сағынтаев бiр ай iшiнде Ұлттық экономика министрлiгiне мүдделi органдар және «Атамекен» кәсiпкерлер палатасымен бiрге барлық бақылау-қадағалау функцияларына ауқымды ревизия жүргiзiп, Үкiметке ұсыныс енгiзудi тапсырды.
«Бiрiншi кезекте, бизнеске қойылатын тым үлкен талаптар мен әкiмшiлiк кедергiлердi қысқарту керек. Барлық заңнамалық өзгерiстердi биылғы жылы қабылдау қажет. Сондай-ақ тексеру органдарының санын қысқарту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырамын», - дедi Премьер-министр.
Кешегi жиында Мемлекет басшысы салық органдарының қызметiне қатысты көп сын айтты. Бұл негiзсiз тексерiстер мен салық заңнамасын тәжiрибеде қолданудың күрделiгiне байланысты. Үкiмет басшысы Қаржы министрi Бақыт Сұлтановқа мемлекеттiк табыс комитетiнiң жұмысын бизнестi тексерудi оңтайландыруға бағыттауды тапсырды.
«Бiр ай iшiнде Бас прокуратурамен бiрге негiзсiз қозғалған iстердi қарап шығыңыздар. Осындай iстердi қозғаған адамдар жауапкершiлiкке тартылуы тиiс», - деп қадап айтты Б.Сағынтаев.
Оның айтуынша, жаңа салық кодексiн дайындау барысында әкiмшiлендiрудi түбегейлi жеңiлдетiп, оны барынша түсiнiктi ету керек.
«Бұған дейiн бiрiктiрiлген салық пен кеден кодексiн әзiрлеу жоспарланып едi. Президент тапсырмасына сәйкес, Ұлттық экономика, Қаржы министрлiктерi бөлек салық және кеден кодекстерiн әзiрлеуi керек», - деп тапсырды Үкiмет басшысы.
Айта кетейiк, кеше Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысы өттi. Жиында алдымен елдiң 2016 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындылары талқыланды. Кейiн Мемлекет басшысы түйiткiлдi мәселелердi көтерiп, алдағы жұмысты айқындап, үкiмет мүшелерiне нақты тапсырмалар бердi.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!