Астана, BAQ.KZ. Бүгін Үкімет отырысында мұнай-газ саласында геологиялық барлау жұмыстарын дамыту туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндады.
Астана, BAQ.KZ. Бүгін Үкімет отырысында мұнай-газ саласында геологиялық барлау жұмыстарын дамыту туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндады.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның 277 кен орны бойынша алынатын қорлар мемлекеттік мұнай теңгерімінде есепке алынған. Республиканың алынатын теңгерімдік мұнай қоры 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 4,6 млрд тоннаны құрады. Қорлардың басым бөлігі Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындарына тиесілі (шамамен 75%). Көмірсутек шикізаты бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың жалпы саны — 217, олардың 59-ы барлау сатысында. Былтыр геологиялық барлау жұмыстарына 137 млрд теңге инвестицияланды. 2017–2018 жылдары Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану бойынша 13 келісімшарт жасасқан.
Қ. Бозымбаев қазіргі уақытта көптеген барланып жатқан кен орындары игерудің соңғы сатысында екеніне әрі өндіріс көлемінің төмендегеніне назар аударды.
«Мұнай өндірудің келесі көрсеткіштерінің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашағанды игерудің қарқындауымен байланысты болады. Ресурстық базаны толықтыру мәселесі өзекті болып тұр. Геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру қажет», — деді Қ. Бозымбаев.
Осы мақсатта, сондай-ақ мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын жақсарту және ресурстық базаны толықтыру үшін заңнамалық реформалар жүргізілді. Салық кодексі мен Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекстер қабылданды.
ҚР ЭМ деректеріне сәйкес, қабылданған шаралар салық жүктемесін төмендетуге және артық бюрократиялық рәсімдер мен кедергілерді жоюға мүмкіндік берді. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс аясында барлау және өндіру бойынша бірлескен келісімшарттар жасасу көзделген. Жаңа келісімшарттар бойынша барлау сатысында барлық «салықтық емес» төлемдер мен басқа да бірқатар шаралар алынып тасталды, бұл жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін едәуір жеңілдетеді.
Салық кодексінен өндіру кезеңінде геологиялық барлау жұмыстарына шығындарды жатқызуды көздейтін коммерциялық табу бонусы алып тасталды. Каспий қайраңындағы жобалар және тереңдігі 5000 метрден асатын учаскелер үшін Салық кодексінде жер қойнауын пайдаланушылардың бірқатар басқа төлемдерінің орнына балама салықтар көзделіп отыр. Бұл геологиялық барлау жұмысының тартымдылығын арттырып, Қазмұнайгазға серіктестерімен бірлесе отырып, қайраңда Жеңіс, Абай, 1P-2 секілді жобаларға бастамашы болуға, сондай-ақ жұмыс істеп жатқан барлау жобаларын жандандыруға мүмкіндік берді.
Энергетика министрлігі қабылданған Кодекстің құқықтық қолдану тәжірибесін ескере отырып, коллизияларға жол бермейтін әрі Кодекс нормасын айқындай отырып, Жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің негізгі қағидаларын өзгертпей талдау жүргізіп, бірқатар ұсыныстар дайындап жатыр.
«Геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру және көмірсутек қорларын табу мүмкіндігі бар, аз зерттелген жер қойнауы учаскелерін бағалау мақсатында Геология және жер қойнауын пайдалану комитетімен және Қазмұнайгазбен бірлесіп “Еуразия” жобасы және геологиялық барлау бағдарламасын жасау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деп баяндады Қ. Бозымбаев.
Отырыс барысында аталған мәселе бойынша Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев пен Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов та пікір білдірді.
Мәселені қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға еліміздің минералдық-шикізат базасын толықтыру бойынша тиімді жұмыс істеуді тапсырды.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне стратегиялық инвесторларды тарту мақсатында мүмкіндігі жоғары бағыттарды анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Бұл үшін Қазгеологияның қуатын толық пайдалану керек. Ал, Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, геологиялық саланы қосымша қаржыландыру мәселесін шешу міндеті қойылды. Бұдан өзге, Премьер-Министр жергілікті атқарушы органдарға экологиялық жағдайды бақылауда ұстап, өңірлердің экожүйесін бұзуға жол бермеуді тапсырды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!