Астана, BAQ.KZ. Қазақстан жер қойнауы байлығының арқасында минералды шикізат қоры бойынша алдыңғы орында.
Астана, BAQ.KZ. Қазақстан жер қойнауы байлығының арқасында минералды шикізат қоры бойынша алдыңғы орында.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, осыған байланысты, өңдеу секторының өсіміне қарамастан, геология және жер қойнауын пайдалану саласы ел экономикасына қомақты үлес қосып, инвестициялардың ағынын қамтамасыз етіп келеді. Бүгінгі таңда бұл сала елімізге тартылған инвестицияның шамамен 50%-ын құрайды.
ЭЫДҰ жүргізген өнеркәсіптегі ахуалды талдау геологиялық және жер қойнауын пайдаланудағы ең өткір проблемалық аймақтарды анықтады. Олар бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жылда саланың дамуын тежейтін мәселелер шешіліп, негізгі көрсеткіштер алға жылжыған. ҚР ИДМ деректеріне сәйкес, соңғы үш жылда нормативтік-құқықтық базаны өзгерту бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының Ұлт жоспарының 74 және 75-қадамдарында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында халықаралық тәсілдерге сай келетін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс қабылданып, күшіне енді.
«Кодекс аясында "Бірінші келген – бірінші алады" қағидасы енгізіліп, жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімі қысқартылды. Сонымен қатар, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабылданып, геологиялық ақпаратқа қолжетімділік артты әрі көптеген әкімшілік кедергілер алынып тасталды», — деді Ж. Қасымбек.
Сондай-ақ, CRIRSCO халықаралық жүйесіне сай келетін KAZRC қорларын есептеу Кодексі қабылданды. Геология және жер қойнауын пайдалану саласы бойынша инвестициялық тартымдылықты бағалайтын негізгі әлемдік рейтингті Фрейзер институты жасайды. Бұған дейін Қазақстан осы жерде 73-орынды иеленген болатын. Реформа жасағаннан кейін біз 49 позицияға көтеріліп, 104 елдің ішінен 24-орынға шықтық.
Ж. Қасымбек пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың орнына шикізатты сатудан роялтиді енгізу бойынша әлемдік тәжірибені қабылдау реформалаудың келесі қадамы болуы керектігін айтты. Оның хабарлауынша, Қазақстан мен Ресейден басқа тау-кен өнеркәсібіндегі жетістіктерге жеткен елдер бұл тетікті пайдаланады.
Геологиялық деректер базасының және инфрақұрылымның сапасын арттыру үшін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Минералды ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесі құрылып жатыр. Министрдің сөзіне қарағанда, мұндай базалар тау-кен металлургия кешені нарығының барлық көшбасшы мемлекеттерінде бар. Бұл – барлық тарихи геологиялық деректерді біріктіретін және оларды маңызды форматта көрсететін жүйе.
«Минералды ресурстардың ұлттық деректер банкі» мемлекеттік органдардың және жер қойнауын пайдаланушылар қызметінің ашықтығын, берілген ақпараттың сенімділігін қамтамасыз етеді әрі инвесторлардың жер қойнауын пайдалануына қол жетімділігін жеңілдетіп, инвестициялар ағынын арттырады. Жоба 2019 жылдың соңына дейін іске қосылмақ», — деді Ж. Қасымбек.
Кадрлық әлеуетті дамыту мақсатында жыл сайын еліміздің ЖОО-ларында 1600-ден астам студент білім алады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 41 маман дайындалды. Дегенмен, бұл салада кадр тапшылығы әлі де сезіледі. Тәжірибелі геологтардың орташа жасы зейнеткерлікке жақын, ал жас мамандар енді ғана оқуларын аяқтап жатыр. Осыған байланысты ҚР ИДМ геологиялық мамандықтар бойынша дайындау және қайта даярлауға арналған гранттар бөлуді ұлғайтып, Білім және ғылым министрлігімен бірге оқу бағдарламаларын жаңартуды ұсынып отыр.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстан жинақталған тәжірибе мен әдістемені пайдалана отырып, шикізаттың дәстүрлі түрлері бойынша жұмыс істеп келеді. Ал, қазіргі заманауи үрдіс пен технологиялар жаңа міндеттерді талап етеді. Мысалы, электромобильдердің қозғалтқыштары мен смартфон бөлшектері сирек кездесетін металдарға деген сұранысты күрт күшейтті. Бағаның шикізаттық конъюнктурасы өзгерді. Кобальт, литий, палладий бағасы екі есеге өсті. Сарапшылар галлий, скандий, индий және басқа да сирек кездесетін металл бағаларының өсімін болжап отыр.
Қазақстанның осы бағытта бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ҚР ИДМ геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге қосымша қаражат бөлуді ұсынады. Сондай-ақ, сирек кездесетін элементтерді іздеуге инвестиция тарту үшін ынталандыру тетіктері де керек. Қазақстан юниорлық компаниялар арқылы геологиялық барлауға инвестициялар тартуға мүдделі. Осыған бпйланысты 15-қыркүйектен бастап «Бірінші келген – бірінші алады» қағидасымен шамамен 85 мың блокты барлауға лицензия алу үшін өтініштер қабылдана бастаған. Бұл — 197 мың шаршы километрден астам аумақ. Лицензия бар болғаны 10 күн ішінде беріледі. 2019 жылы аталған қағида бойынша қосымша блоктар шығарылмақ.
Инвесторлар алдын-ала зерттелген нысандарға қызығушылық танытып отыр. Бұл жұмысты бастапқы кезеңнен бастап қолға алу керек. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1,2 млн км2 аумақта геологиялық зерттеу жүргізуге болады. Талап етілген деңгейде 21% ғана зерттелген.
«Жыл сайын геологиялық барлау жұмыстарының бастапқы сатыларын 15-20 млрд теңгеге мемлекет қаржыландырса, бұл өз кезегінде учаскелердің инвестициялық әлеуетін және оның құнын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Ж. Қасымбек.
ҚР ИДМ мәліметтеріне қарағанда, геологиялық барлауға инвестициялар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары аясында «Қазгеология» АҚ ұлттық компаниясы арқылы тартылады. Бұл елімізге Рио Тинто, Иллюка, Илдырым, Улмус сынды геологиялық барлаудағы әлемдік көшбасшыларды тартуға мүмкіндік берді. Бұл компаниялар тек ел аумағын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар, технологияларын да әкеледі.
Аталған міндеттерді шешу үшін Инвестициялар және даму министрлігі жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің орта мерзімді келешегіне арналған кешенді бағдарламасын әзірлеп жатыр.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!