Биыл 8 893 микронесие берілді – Мәдина Әбілқасымова - Үкімет|16 Қазан 2018, 12:49
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Биыл 8 893 микронесие берілді – Мәдина Әбілқасымова

Фото: gtrk-vyatka.ru

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша микронесие беруді қаржыландыру 20 млрд теңгеге: оның ішінде қалаларда 6 млрд теңге, ауылдарда 14 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты.

Жиын барысында ол Мемлекет басшысының 4-ші әлеуметтік бастамасы өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халық арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесие беруді кеңейтуге бағытталғандығын айтып өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, микронесие беруді қаржыландыру 20 млрд теңгеге ұлғайды, оның ішінде қалаларда 6 млрд, ауылдарда 14 млрд теңгеге. Қосымша бөлінген қаражат бойынша микронесиелеудің жалпы сомасы 62 млрд теңге, оның ішінде 17 млрд қалада және 45 млдр ауылды жерлерге көзделген. Осы жылы 14 мың адамға микронесие беру жоспарланып отыр. Жыл басынан бері микронесие бойынша барлығы 38 млрд теңге игерілді, оның ішінде қалалық жерде 10,5 млрд теңге, ауылдарда 28 млрд теңге. Бұл жоспардың 60 пайызын құрайды», - дейді министр.

Сонымен қатар ол, өңірлер бөлінісінде қаражатты игеру бойынша жақсы көрсеткіштер Алматы қаласында, Алматы облысында, БҚО, Жамбыл облысы, ШҚО және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалатындығын айтты. Ал қаражатты игеру бойынша артта қалып келе жатқан өңірлер Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары және Астана қаласы екен.

«Жыл басынан бері барлығы 8 893 микронесие берілді. Бұл жылдық жоспардың 63 пайызын құрайды, оның ішінде ауылдарда 7901 (72%), қалада 992 (33%). Ауылдарда микронесие берудің орташа мөлшерлері 3,5 млн теңге, қалаларда 10,6 млн теңгені құрайды. Өңірлер бөлінісінде микронесие беру бойынша жоғары көрсеткіштер Қызылорда, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Артта қалып келе жатқан өңірлер Атырау, Маңғыстау облыстары және Астана қаласы», - деді М. Әбілқасымова.

Сондай-ақ ол, стартап жолбаларды қолдауға 6087 микронесие берілгендігін айтып өтті. Мәселен, якорлық операция бағытын дамытуға 527 немесе 6 пайыз микронесе берілген және жеке істі кеңейтуге 2279 микронесие беріліпті.

«Микронесие беру аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарынан 7914 адам және 979 жұмыссыз адам кәсіпкерлікпен айналысуға және өз ісін заңдастыруға мүмкіндік алды. Жалпы микронесие алған адамдар қосымша 8256 жұмыс орнын құрды. Экономика салалары бойынша, ауыл, орман және балық шаруашылығын дамытуға 81%, көлік саласына 6%, тұру және тамақтану бойынша көрсетілетін қызметтерге 3,2%, өңдеуші өнеркәсіп саласына 2%, көтерме және бөлшек сауда саласына 1%, басқа да қызмет түрлері бойынша 6,4%, құрылыс саласында 0,4 % микронесие бөлінді», - дейді министр.

Бұған қоса, бағдарлама аясында кәсіпкерліктің санын көбейтудің тиімді шараларының бірі «Бастау-бизнес» жобасы бойынша бизнес негіздеріне оқыту жүргізіліп жатыр екен. Осы жылдың 9 айы ішінде 24 мың адам оқытылған, оның ішінде 14 300 адам бизнес жобаларын қорғап шығыпты. Ал 4,1 мың адам микронесие алған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер