Тараз, Baq.kz тілшісі. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді.
Тараз, Baq.kz тілшісі. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді.
Үкімет басшысы Тараз қаласындағы жұмыс сапарын сүт өңдеуші кәсіпорын «Көкжиек-2030» ЖШС-ның өндірісімен танысудан бастады. Сүт өнімдерін шығарумен айналысатын 2007 жылы құрылған кәсіпорын ағымдағы жылы қайта кеңейтіліп құрылып, модернизацияланған болатын. Италияның «FRAU IMPLANTI» компаниясының жаңа үлгідегі автоматтандырылған желідегі құрал-жабдықтарымен жасақталған жобаның жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жетекшісі Әбдіғали Бегімбетов тәулігіне 80 тонна сүт өңдеуге қауқарлы екендіктерін жеткізді.
Бақытжан Әбдірұлы бұдан соң Тараз қаласында құрылысы жүріп жатқан №15 мөлтек ауданына ат басын бұрды. Бүгінгі таңда онда 80 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Олар «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде салынуда. Жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жоспары мен мемлекеттік бағдарламалар аясындағы атқарылып жатқан шаралар туралы Сағынтаевқа облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев баяндады. Оның айтуынша, Тараз қаласындағы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 462 га жер телімінде жаңа екі мөлтек аудандарының құрылысы жүруде. Аталған аудандарда «7-20-25» бағдарламасы аясында ұсынылатын 480 көп қабатты және 969 жеке тұрғын үй құрылыстары басталып, ағымдағы жылы 10 көппәтерлі үй (800 пәтер), 2019 жылы - 25 үй (1 380 пәтер) пайдалануға тапсырылатын болады. Жалпы, Тараз қаласында 686 пәтер бағдарлама аясында азаматтарға ұсыну үшін дайын.
ҚР Премьер-Министрдің барған келесі нысаны Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға байланысты жаңадан ашылған нысан, жылына 2100 тонна өнім өндіретін «Сәуле» кондитерлік фабрикасы болды.
Аталған кәсіпорын жылына 2160 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Кәсіпкер 2016-2017 жылдар аралығында жабдық сатып алуға және коммерциялық жылжымайтын мүлікті қайта жаңартып, вафли өндіретін желі сатып алуға несие алған. Кондитерлік өндіріс негізінген вафли өнімінің түрлерін шығарумен айналысады. Бүгінгі таңда фабриканың жоба құны 850,0 миллион теңге болатын екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Жоба іске қосылған кәсіпорынның толық жылдық қуаты 4500 тонна болады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Сағынтаевтың білім және денсаулық сақтау саласындағы мамандармен кездесуі жоспарланып отыр. Тариф саясатының ашықтығы және тарифтерді төмендету мәселелері бойынша жиын өтеді деп белгіленіп отыр.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!