Бақытжан Сағынтаев министрлерге қатаң ескерту жасады - Үкімет|04 Ақпан 2017, 12:01
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Бақытжан Сағынтаев министрлерге қатаң ескерту жасады

Үкіметтің кезектен тыс отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев министрлік басшыларының жұмысын сынға алып, оларға қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Әрбір министр үкімет мүшесі ретінде экономика саласын дамытуға жауапты. Сондықтан, сіздердің (министрлерге – автор) әрбіріңізге туындаған мәселелерді шешу жеткілікті құзыреттіліктер берілген. Сіздер өз министр-әріптестеріңізбен арадағы мәселені өнімді шеше аласыздар», - деді ол.

Осы орайда Бақытжан Сағынтаев министрлерге арнайы тапсырма берді.

«Енді КПМ бойынша министірліктерден, әкімдіктерден келген хаттарды қабылдамаңыздар. Олар өз құзыретіне келетін мәселелерді өздері шешу керек. Сондай-ақ, Сіздердің құзыреттеріңізге кіретін мәселелер бойынша менің және орынбасарларымның деңгейінде отырыс ұйымдастыру ұсынысына тыйым саламын. Олар келіп, отырыс ұйымдастыруды сұрайды. Ал олардан «министрлер осы мәселелер жөнінде өз араларыңызда сөйлестіңіздер ме?» деп сұраған кезде «Жоқ. Сөйлеспедік» деп жауар береді. Демек, министрлер өз араларында (осы мәселе жөнінде – автор) сөйлесуге ерінеді. Олар бірден үкіметке келіп, мәселені премьер-министр немесе вице-премьерлердің деңгейінде шешкісі келеді», - деді ол.

Енді Премьер-министр бұл мәселенің осындай жолмен шешілмейтіндігін қадап айтты.

«Бұлай болмайды. Себебі, бізде тек вице-премьер бар. Енді сіздердің мәселелеріңізді қарайтын ешкім жоқ. Өз сұрақтарымыз жетіп жатыр. Өз құзыреттіліктеріңізге кіретін мәселені өздеріңіз шешіңіздер», - деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер