Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында «Тыныс» АҚ ірі машина жасау кәсіпорнына барып, зауыттың ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізуге арналған әлеуетін бағалады, деп хабарлайды primeminister.kz.
Бақытжан Сағынтаев зауытты аралау барысында құбыр дайындап шығаратын цехты, өндірістік желілерді қарап шығып, өндіріс технологиясымен, жабдықтармен, сондай-ақ осында шығарылатын өнімдердің көрмесімен танысты.
«Тыныс» АҚ директоры Қайрат Қалманбаев ҚР Премьер-министріне зауыттың қызметі мен технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізу келешегі туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктері және жұмысшылардың әлеуеті жаңа бағыттарды игеруге және нарықтың сұраныстарына шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Зауыт өндірістік қуаттылығын ұлғайту мен шығаратын өнімдерінің түрлерін көбейтуді жалғастыруда.
Еске сала кетейік, өнеркәсіптік кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында елімізде экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетілген. Жаңғырту жұмыстары өнімділікті ұлғайтуға және шығарылатын өнімдердің сапасын арттыруға бағытталған.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!