ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Семей қаласында қала активімен және жұртшылығымен Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында алға қойылған негізгі міндеттерін түсіндіру мақсатында кездесу өткізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиын барысында халық кірісінің деңгейін арттыру, медициналық қызмет көрсету және білім беру сапасын жақсарту, ШОБ дамытудың қосымша құралдары, сондай-ақ, индустриялық даму келешегі мәселелері талқыланды.
Кеңесті ашқан ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жаңа Жолдаудың негізгі аспектісі халықтың өмір сапасын жақсарту екенін атап өтті.
Президент Жолдауының барлық бағыттарын іске асыруға үш жылдық кезеңге 1,75 трлн теңге қарастырылған. Олар қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға қажетті жағдайларды жасауға бағытталады. Осылайша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 28 мыңнан 42,5 мың теңгеге дейін 1,5 есеге өседі.
Аталған мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының ең төменгі еңбекақы мөлшерін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкімет қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіп жатыр. Жалпы, ең төменгі еңбекақыны өсіру экономиканың барлық салаларында жалақы мөлшері аз қызметтерде жұмыс істейтін 1,3 млн адамның еңбекақысын өсіруге жол ашады. Жергілікті бюджеттің жеке табыс және әлеуметтік салықтардың жеткілікті мөлшерде түспеуінен болатын шығындарын өтеу үшін республикалық бюджетте 10,5 млрд тг қарастырылады.
Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевте өз кезегінде Елбасы тапсырмаларын іске асыру аясында мұғалімдердің мәртебесі мен еңбекақысын арттыру, білім беру сапасын жақсарту саласында елеулі жұмыстар атқарылып жатқанын, балалар мен педагогтерге қажетті жағдайлар жасалып, мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, кездесу барысында Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов баяндама жасап, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған басымдықтарға қатысты ведомствалар тиісті шараларды жүзеге асыру үшін елімізде барлық жағдай жасалғандығына тоқталды.
Өз кезегінде Семей қаласының жұртшылық өкілдері сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған бастамаларына қолдау білдірді.
Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы А.Еспенбетов Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында педагогтардың мәртебесін арттыру бойынша қойылған міндеттердің маңыздылығы мен уақытылы көтерілгенін атап өтті.
«Біз еліміздің жаһандық жетістерінің куәсі болып отырмыз. Тарихи құжат – Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы шынымен де адам капиталының сапасын көтеруге, барлық қажетті жағдайларды жасауға бағытталған», — деді А. Еспенбетов Елбасына алғысын білдіре отырып.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!