Астанада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы басталды - Үкімет|14 Тамыз 2017, 12:23
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астанада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы басталды

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Елордада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үкімет басшыларының қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Маңызды жиынға Қазақстан Республикасының премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев, бірінші орынбасары Игорь Шувалов, Армения Республикасының премьер-министрі Карен Карапетян, вице-премьер министрі Габриелян Ваче, Беларусь Республикасының премьер-министрі Андрей Кобяков, бірінші вице-министрі Василий Матюшевский, Қырғыз Республикасының премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков, вице-министрі Олег Панкратов, ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысуда.

Бүгінгі отырыста ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібінің негізгі бағыттарының дайындығына назар аударылып, тауарлардың бақылану тетіктері, электр энергетикасында сауда алаңдарын пайдалану мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар үкіметаралық кеңес отырысы барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның баяндамасы тыңдалады деп күтілуде. Осы орайда ЕАЭО мен Иран мемлекеті арасында еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді бекіту бойынша келіссөздердің барысы жайында мәлімет беріледі. Болашақта Иранмен құжатқа қол қою өзара тиімді жағдайларда өндірушілерге тауарлар нарығына шығуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерінің еңбеккерлеріне зейнетақылық қамтамасыз ету туралы келісімнің жобасын уағдаласу барысы жайында комиссияның ақпараты баяндалады.

Жоба авторларының айтуынша, аталған құжат зейнетақымен қамту саласында тең құқықты қамтамасыз етуге бағытталған. Келісім күшіне енгеннен кейін, ЕАЭО-ның кез келген елінде (ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында жұмыс істеу барысында) еңбек өтілі мен зейнетақаны жолғалтпастан, жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар, отырысқа арналған күн тәртібінің маңызды бөлігінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бірінде берілген ұлттық әрі халықаралық жүргізушілік куәліктерді өзара мойындау мәселесі қаралады. Яғни бұл қадам одақтың басқа елінің аумағынан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға бағытталған.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданған болатын. Онда ЕАЭО мүше мемлекеттері азаматтарынан өзге шетел ұлтының немесе халықаралық көлік жүргізу куәлігімен көлік жүргізуге тиым салу туралы норма енді. Бұл норма 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап заңды күшіне енді.

Бұдан бөлек, Үкімет басшыларының қатысуымен өтетін жиында Қазақстан тарапымен ЕОЭ-ға мүше мемлекеттердің Ресей Федерациясының теңіз порттарын пайдалану мәселесі көтеріліп, талқыға салынады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар отырыс барысында ЕОЭ-ға мүше мемлекеттердің транспорттық саясатының әуе көлігіне қатысты 2018-2020 жылдарға арналған жоспарының негізгі бағыттары қаралады. Аталған жоспар Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында ортақ әуе тасымалын құруды көздейді.

Еуразиялық Үкіметаралық кеңесінің отырысында 8 құжат қабылданады деп жоспарланып отыр. Олар:

1) «2018-2020 жылдарға арналған әуе көлігі бөлігінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үйлестірілген көліктік саясатының негізгі бағыттары мен кезеңдерін жүзеге асыру бойынша (жол картасы) шаралар жоспарын бекіту туралы»;

2) «2016 жылдағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттері арасында шеттен кіретін кедендік баж сомаларын есептеу және бөлу туралы»;

3) «Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы аясында орталықтандырылған саудасын ұйымдастыру үшін сауда алаңдарын пайдаланудың және ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бойынша шараларды қаржыландырудың кейбір мәселелері туралы»;

4) «Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысын өткізудің уақыты мен орны туралы»;

5) «Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібінің негізгі бағыттарының жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар жөнінде»;

6) «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерінің еңбеккерлеріне зейнетақымен қамтамасыз ету туралы жобасының жұмысы жөнінде»;

7) «Кедендік декларациялық тауарларды мониторингтеу туралы есеп ұсыну жөнінде»; Бұл Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылдың 16 қазанда қабылданған №22 «Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге байланысты туындағын кейбір сұрақтар бойынша» шешімнің 4 пунктісіне сәйкес;

8) « Мемлекетердің ішінде рәсімдерді жүргізу туралы»; Бұл 2017 жылдың сәуірінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік одақ жөніндегі келісім шартты жүзеге асыру үшін қажет.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер