Астана агломерациясын дамыту үшін 51,5 млрд теңге бөлінді  - Үкімет|26 Маусым 2018, 11:38
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астана агломерациясын дамыту үшін 51,5 млрд теңге бөлінді 

Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов Астана агломерациясын дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі өңіраралық іс-шаралар жоспарын іске асыру туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Агломерация аумағы – 2,18 мың ш.км (2 177 мың га). Агломерация халқының саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 1,19 млн адам, оның ішінде Астана қаласында – 1,04 млн адам. Астана қаласы халқының тығыздығы 1 ш.км 1,5 мың адамды құрайды.

«Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімінің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 11,1% құрайды. Өздеріңіз білетіндей, Астана республикалық бюджеттің негізгі донорларының бірі болып табылады. 2018 жылға арналған алып қою көлемі 20,5 млрд теңге мөлшерінде бекітілген», - деді Дәленов.

Атап өтсек, Астана агломерациясын Қазақстанның ұзақ мерзімді өсу полюсі ретінде қалыптастыру үшін Үкіметтің қаулысымен Астана агломерациясын дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі өңіраралық іс-шаралар жоспары қабылданды.

«Жоспарда 82 іс-шараны іске асыру көзделген. 29 іс-шара бойынша орталық мемлекеттік органдар (БҒМ, ДСМ, ИДМ, ҰЭМ, ЭМ, АКМ, МСМ, ІІМ) негізгі орындаушылар болып табылады, 53 іс-шара бойынша орындаушылар – Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктері», - деді ол.

Жалпы, іс-шаралар жоспары негізгі 3 міндетті іске асыруды көздейді.

Бірінші міндет: Астана агломерациясын аумақтық және институционалдық дамыту.

Екінші міндет: Республикалық және өңірлік нарықтарда Астана агломерациясын экономикалық орнықтыру.

Үшінші міндет: Өзек-қала Астананы, оның қала маңы аймағын және тартылыс (әсер ету) аймағын инфрақұрылымдық үйлестіріп дамыту (62 іс-шара).

«Астана агломерациясы географиялық тұрғыдан тиімді орналаса отырып, Қазақстанның барлық көлік жүйелерін одан әрі дамытуға ықпал ететін ірі хабқа айналуы тиіс. Мұндай ірі инфрақұрылымдық жобаларды: «Астана – Алматы», «Астана – Өскемен» автожолдарының құрылысын, жаңа әуежай мен теміржол вокзалының құрылысын іске асыру республиканың көліктік каркасын астанадан бастап шалғайға одан әрі дамытуға бағытталған», - деді ол.

Бүгінде Астанада қалалық әкімдік қытайлық консорциуммен бірлесіп, 2021 жылы пайдалануға берілетін LRT (жеңіл рельсті) жобасын іске асыруда. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2015 жылы Астана қаласындағы көлік-логистикалық орталық (КЛО) құрылысын аяқтады.

Бұдан басқа, астанада тағы 4 КЛО жұмыс істейді («Астық Логистик» ЖШС, «Рокос Консалтинг» ЖШС-нің филиалы, «USCO Logistics International» көпфункционалды логистикалық орталығының филиалы және «Даму Логистикс» АҚ).

«Іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 51,5 млрд теңге, жергілікті бюджет қаражатынан (3% қоса қаржыландыру) 771,3 млн теңге. Бюджеттен қаржыландыруды талап ететін 48 іс-шараның ішінен жалпы сомасы 23,9 млрд теңге болатын 7 іс-шара орындалуда, қалған шығынды қажет ететін іс-шаралар іске асырылды және бақылаудан алынды», - деді ол.

Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп Іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуына тұрақты түрде бақылау жүргізеді.

«Мемлекет басшысының «Астана қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту туралы» кеңесте берген тапсырмасы шеңберінде Астана қаласының әкімдігі Астана қаласының мастер-жоспарын әзірлеуде. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 сәуірдегі Астана қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасы бойынша 2018 жылдың соңына дейін ірі қалалардың, оның ішінде Астана қаласының дамуының 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиялары әзірленуі тиіс. Өңіраралық іс-шаралар жоспарының бақылаудан алынбаған іс-шараларын қоса алғанда, Астана агломерациясын дамыту бойынша шаралар бекітуге жоспарланған Мастер-жоспарға және Астана қаласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясына үндестіріліп, енгізілетін болады», - деп түйіндеді Дәленов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
29 Желтоқсан 2018, 12:42
Астана. Қысқы этюдтер
Пікірлер