Бүгінгі Үкімет отырысында вице-министр Арман Евниев ауыл шаруашылығындағы бірқатар мәселені шешу үшін, атап айтқанда мемлекеттік бағдарламаны орындау, экспорт көлемін арттыру үшін басқа да ведомстволардың қолдауын күтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.
Арман Евниев АШМ мемлекеттік бағдарламаны ашық платформа ретінде қайта құрастырып отырғанын айтып, осы платформа негізінде қажеттілігіне қарай салалық және сабақтас бағдарламалар әзірленетінін жеткізді.
«Өздеріңізге белгілі, ауылдың дамуы басқа да салалардағы бірқатар мәселені шешумен байланысты. Ол – айталық Қаржы министрлігінің салық салу саясаты, Инвестиция және даму министрлігінің техникалық реттеу, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, Ұлттық экономика министрлігінің экспортты қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту сияқты мәселелері. Сондықтан біз қолданыстағы бағдарламаны салааралық шаралармен де толықтыруымыз қажет деп ойлаймыз. Осылайша, Мемлекеттік бағдарлама саланың негізгі концептуалдық мәселелерін және бір-бірімен байланысты сабақтас бағыттарды шешуді қамтиды. Сондықтан біз мемлекеттік бағдарламаны ашық платформа ретінде қайта құрастырып отырмыз. Бұл платформа мемлекет тарапынан салаға ықпал жасайтын, қолдау көрсететін кұралдар мен каналдардан тұрады. Осы платформа негізінде қажеттілігіне қарай салалық және сабақтас бағдарламалар әзірленетін болады», - деді ол.
Вице-министр АШМ ұсынып отырған бағдарламаны орындау үшін жобалық менеджмент жүйесін енгізуді көздеп отырғанын айтты.
«Біз ұсынып отырған бағдарлама – ұзақ мерзімді, күрделі және жан-жақты жоспар. Бұны іске асыру ауылға қатысы бар барлық мекеменің ұйымдасқан іс-қимылына байланысты болады. Сондықтан біз жобалық басқару жүйесін енгізуді көздеп отырмыз. Корпоративтік ортада бұл жобалық менеджмент деп аталады», - деді Евниев.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!