Әлеуметтік қызметкер атану үшін міндетті түрде ерікті болып жұмыс істеу қажет - Үкімет|07 Тамыз 2017, 17:55
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Әлеуметтік қызметкер атану үшін міндетті түрде ерікті болып жұмыс істеу қажет

Фото: sck

Жоғары оқу орнында әлеуметтік қызметкер мамандығын таңдаған талапкерге жаңа талап қойылады. Енді ол оқуға түспес бұрын міндетті түрде ерікті болып жұмыс істеуі қажет. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мектеп түлегі өз мамандығын таңдап, әлеуметтік қызметкер немесе әлеуметтік педагог факультетіне құжаттарын тапсырады. Бірақ бұл азамат міндетті түрде ерікті болып жұмыс істеуі шарт. Яғни ол әлеуметтік қызметкер атанбас бұрын, осы деңгейден өтуі тиіс. Тәжірибесі болу үшін ол арнайы курстан өтіп, медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыс істеп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды күтуі қажет», - деді ол.

Сонымен қатар, Светлана Жақыпова университетті тәмамдаған соң, 2-3 ай ғана әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейтін азаматтардың санын азайту қажеттігін алға тартты.

Соңғы деректерге сүйенсек, әлеуметтік педагог немесе әлеуметтік қызметкер мамандығы бойынша білім алғандардың 50%-ы өз саласы бойынша жұмыс істемейді екен.

Айта кетейік, әлеуметтік қызметкер — жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көрсететін маман. Олар әкімшілік жанынан құрылған әлеуметтік қызмет орталықтарында, ауруханада, мемлекеттік органдарда, психатрияларда, маскүнемдік мен есірткіге тәуелділіктен оңалту орталықтарында және ЖОО-да оқытушы болып жұмыс істейді. Ал мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкер балалардың әлеуметтік қамсыздануына бағалау жүргізеді және адамдардың мемлекеттік жәрдемақы алуын қадағалайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер