Фото: today.kz
Қазақстандағы табиғи уранның жалпы қоры 1,4 млн тоннаны құрайды. Уран ресурстарының едәуiр көлемде болуы Қазақстанға басқа елдер алдында үлкен бәсекелестiк басымдығын бередi. Бұл туралы Мәжiлiсте «Уран өнеркәсiбiнiң дамуына» арналған Үкiмет сағатында ҚР Энергетика министрi Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Уран өндiрiсi - бұл елiмiздегi атом саласының дамыған бағыттарының бiрi. Уран атом энергетикасы үшiн стратегиялық шикiзат болып табылады және оның қоры шектеулi. Қазақстан барланған табиғи уран қоры бойынша әлемде екiншi орында тұр. Барланған әлемдiк қордың шамамен 12 пайызы Қазақстан Республикасының жер қойнауында шоғырланған. Қазақстандағы табиғи уранның жалпы қоры мен ресурстары шамамен 1,4 млн тоннаны құрайды. Уран ресурстарының едәуiр көлемде болуы Қазақстанға басқа елдер алдында үлкен бәсекелестiк басымдығын бередi», - дедi министр.
Мәжiлiс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның айтуынша, соңғы 5 жылда уран саласын дамыту шеңберiнде елiмiздiң бюджетiне 219 млрд теңгеге жуық салық пен төлемақы түскен.
«Бұл елiмiздiң индустриялық-инновациялық дамуына және ұзақ мерзiмдi перспективада энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге, сондай-ақ, қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуын қысқартуға және түптеп келгенде Қазақстанның әлемнiң бәсекеге қабiлеттi 30 елдiң қатарына енуiне ықпал ететiнi сөзсiз», - дедi Исимбаева.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!