Елiмiзде құрылған Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия мемлекеттiң ашықтығын арттырмақ. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрi Дәурен Абаев Үкiмет үйiнде өтiп жатқан баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Ұлт жоспарының бірқатар қадамын жүзеге асыру Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жүктелгені өздеріңізге мәлім. Осы міндеттер бойынша қандай жұмыстар атқарылды, қандай көрсеткіштерге қол жеткіздік? Осының ішінде ең алдымен «Есеп беретін мемлекет құру» жөніндегі 5-ші бағытқа тоқталсақ, бұл бағыт бойынша 94-ші, 96-шы және 100-ші қадамдар іске асырылды. Атап айтатын болсақ, 94-ші қадам бойынша «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң қабылданды. Бұл заң азаматтық қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Мұның бірден бір себебі құжатты әзірлеуге үкіметтік емес ұйымдардың белсене атсалысуы деп білеміз. Заңда шын мәнісінде көптеген оңды бастамалар қабылданды. Осының барлығы әрбір азаматтың мемлекеттік органдар қызметі туралы ақпаратты еркін алуы мен тарату құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр», - дедi Абаев.
Министрдiң айтуынша, азаматтар үшін тағы бір тиімді тұсы - заңда ақпаратқа қол жеткізуге шектеу қоюға тыйым салынды. Осы норманы бұзғаны үшін лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылған.
«Бұған қоса, бұл бағытта консультативтік-кеңесші орган – Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия құрылып, оның құрамына осы Заңды әзірлеуге қатысқан тұлғалардың барлығы, сондай-ақ азаматтық қоғам мүшелері енді. Бүгінгі күні комиссия мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін арттыруды бағдарға ала отырып, белсенді жұмыс жүргізіп отыр», - дедi Дәурен Абаев.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!