ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасындағы «Ашық сұхбат» бағдарламасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумына қатысу барысы жоғары деңгейде өткенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
Министр Мемлекет басшысының мұндай аса маңызды жиындарда БАҚ-та жарияланғаннан тысқары көптеген кездесулер өткізіп, ел мүддесіне қатысты сандаған мәселені талқылайтынын тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысы осындай ірі форумдарды еліміздің мүддесін көздеген шараларға барынша тиімді пайдаланады», - дейді министр.
Сондай-ақ, Дәурен Абаев Жібек Жолының экономикалық белдеуі құрылысының артықшылықтары туралы егжей-тегжейлі айтып өтті.
«Мемлекет басшысы Нұрлы жол бағдарламасын жариялады. Президент айтқандай, жол дегеніміз - бұл күретамыр. Жібек жолы қолданыстағы жолдарға қосымша күретамыр болады. Бұл ретте қазірдің өзінде бізде Талдықорғаннан Оралға дейінгі араны қосқан жолдардың сапасы жақсы. Ал екінші жағынан осындай жақсы әрі сапалы жолдармен жүк ағыны Ляньюньганядан Шанхайға дейін, одан әрі Еуропаға, Ресейге асады», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, спикер геосаяси алаңда Қазақстанның рөлі артып келе жатқанына тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы үнемі теңіз тасымалын мысалға алады: ол арзан, бірақ жылдам емес, яғни тауар Шанхай портынан Роттердамға дейін бір ай жүруі мүмкін. Осы жерде біз тауар жылдам жеткізілуі үшін басқа балама нұсқаны ұсына аламыз. Қазақстанның геосаясатта рөлі арта беретін болады. Екіншіден, бұл - экономика. Осы тауарлардың және қозғалыстың арқасында біз пайда көреміз. Теңіз портындағыдай логистика, құрғақ портта да жұмыс істейді», - деп түйіндеді сөзін Дәурен Абаев.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!